Павлодарда жыл мұғалімі анықталды

Павлодарда жыл мұғалімі анықталды
Фото: автор

Педагогикалық еңбек ардагерлері мен педагогтеріне салтанатты құрмет көрсетілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Ұстаздар күніне арналған салтанатты мереке Естай атындағы мәдениет сарайында өтті. 

Дәстүр бойынша «Павлодар қаласының алтын есімдері» кітабына қаланың білім беру жүйесін дамытуға баға жетпес үлес қосқан адамдардың есімдері енгізілді.  Биылғы жылы «Алтын есімдер» кітабына педагогикалық еңбек ардагерлері, қалалық білім беру бөлімінің әдіскері Шолпан Нұрахметова, көру қабілеті бұзылған балаларға арналған №82 арнайы сәбилер бақшасының бұрынғы директоры Татьяна Шульга, К. Мақпалеев атындағы мектептің бұрынғы директоры Дабылтай Серікбаев есімдері енгізілді. 

Жоғары шеберлігі үшін үздік педагогтар Павлодар қаласы әкімдігінің Құрмет грамоталарымен және Алғыс хаттарымен, «Орта білім беру ісінің үздігі» құрмет дипломдарымен, ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Алғыс хаттарымен марапатталды. Сондай-ақ, «Жыл мұғалімі - 2024», «Үздік мектепке дейінгі ұйым педагогі - 2024», «Үздік педагог - 2024» қалалық байқауларының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін марапаттау рәсімі өтті. 

– Оқушыларым қалалық, облыстық және халықаралық деңгейде жүлдегерлердің қатарында. Мысалы, Новосібір қаласында өткен жалпы халықаралық сайыста менің оқушыларым бас жүлдені алған болатын. Сондай-ақ, республикалық робототехникаға байланысты сайыстарда да үздік атануда. Осы еңбектің нәтижесінде осындай марапатқа ие болып жатырмын деп ойлаймын. Жалпы, қала мектептерінің ішінен осындай бас жүлде алу – мен үшін өте үлкен қуаныш, жетістік. Еңбегімнің бағаланып жатқанына қуаныштымын, – дейді «Жыл мұғалімі - 2024» бас жүлдегері, №35 жалпы орта білім беру мектебінің информатика пәнінің мұғалімі Айбек Камиль.  

Білім беру саласында көп жыл өскелең ұрпақтың  білімі мен тәрбиесіне үлес қосып жүрген ұстаз 16 жыл тынбай еңбек етіп келе жатыр. Ол соңынан еріп келе жатқан жас мамандарға ешқашан шаршамай, ерінбей, алға қарай қадам басуға, өзін-өзі дамытуға,   оқушылардың шығармашылығын дамытуға кеңес береді. Себебі, еңбек ешқашан елеусіз қалмайды. 

– Мұғалім деген бірінші педагог болғанымен, екіншіден ол психолог та бола білу керек. Қоғамда өзін жан-жақты көрсете алатын және бір орында тұрмай дами беретін, заман талабына сай оқушылармен бірге заманауи технологиялар, трендтердер ілесіп қалмай, үздіксіз дамып отыратын адамды нағыз педагог деп санаймын, – дейді Айбек Камиль.  

Бұдан бөлек, іс-шара барысында түрлі бағыттар бойынша 64 педагогтің еңбектері сегіз номинацияда аталып өтілді: «Заманауи менеджер» – басшылар, орынбасарлар және әдіскерлер, «Бала жанының бағбаны» – бастауыш мектеп мұғалімдері және балабақша тәрбиешілері, «Шебер ұстаз» – қосымша білім беру педагогтері, көркем еңбек, музыка мұғалімдері, «Аялы алақан» – психологтар, әлеуметтік педагогтар, тәлімгерлер және педагог-ассистенттер, «Қайсар тәлімгер» – дене шынықтыру алғашқы әскери және технологиялық даярлық мұғалімдері, «Білім тарланы» – жаралыстану-математикалық цикл мұғалімдері, «Айбынды ұстаз» – қоғамдық-гуманитарлық цикл мұғалімдері, «Қамқор жүрек»  номинациясы бойынша сынып жетекшілер марапатталды. 

Байқау жеңімпаздары мен номинанттар естелік мүсіншелермен, дипломдармен және ақшалай сыйлықтармен марапатталды.