Павлодарлық рентгенолог: Рентген – тек сурет емес, адам тағдырына үңілу
Арай Идрисова заманауи рентгенологияның маңыздылығы, жасанды интеллект пен дәрігердің рөлі туралы айтты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Ғ. Сұлтанов Павлодар облыстық ауруханасының рентгенолог дәрігері Арай Идрисова медицинадағы бейнелік диагностика мен рентгенологияның қазіргі дамуы, сондай-ақ мамандық ерекшеліктері туралы сұхбат берді. Дәрігер бейнелік зерттеулердің диагноз қоюдағы шешуші рөлін және кәсіби міндеттерін нақты түсіндірді.
– Рентгенолог – адам ағзасындағы өзгерістерді түрлі бейнелеу әдістері арқылы анықтайтын маман. Біз рентген, КТ, МРТ, УДЗ сияқты зерттеулерді жүргізіп, алынған кескіндерді талдаймыз. Негізгі міндетіміз – емдеуші дәрігерге нақты әрі дәл ақпарат беру, – дейді Арай Идрисова.
Көпшілік рентгенологтарды тек «сурет түсіретін маман» деп ойлайды, бірақ дәрігер бұл пікірмен келіспейді.
– Шын мәнінде, суретті түсіретін рентген-лаборант. Ал біздің жұмысымыз – сол суреттерді талдау, диагноз қою және қорытынды жасау, – дейді дәрігер.
Оның айтуынша, рентгенолог пен емдеуші дәрігердің байланысы командалық сипатта өтеді. Дәрігер клиникалық белгілерді анықтаса, рентгенолог бейнелік дәлел ұсынады. Қажет болса, бірге талқылап, ең тиімді ем тактикасын таңдайды.
– Рентгенология медицинадағы шешуші бағытқа айналды. Онкология, травматология, пульмонология – бәрі де рентгенологияға сүйенеді. Көп жағдайда біздің қорытынды диагноз қоюдағы шешуші қадам болып табылады, – дейді Арай Идрисова.
Дәрігер сәуледен қорқу мәселесі де бар, алайда қазіргі заманауи цифрлық аппараттар қауіпсіз екенін атап өтті. Сәулелену мөлшері өте аз, ал пайдасы әлдеқайда жоғары. Егер зерттеу қажет болса, қорқудың қажеті жоқ.
Заманауи жабдықтармен жұмыс істейтін Арай Идрисова цифрлық рентген, КТ және МРТ құрылғыларын, жоғары сапалы УДЗ жүйелерін қолданады.
– Қазір жасанды интеллект енгізіліп жатыр – ол кейбір өзгерістерді тез анықтауға көмектеседі. Бірақ, жасанды интеллект рентгенологты алмастыра алмайды, дәрігерлер оны тек көмекші құрал ретінде пайдаланады. Диагноз қою және шешім қабылдау – әрқашан дәрігердің міндеті, – дейді ол.
Арай Идрисова мамандықты таңдаудағы мотивімен де бөлісті. Оны медицина мен технологияның үйлесімі қызықтырған.
– Рентгенология – ғылым мен техника байланысқан ерекше сала. Мұнда әр шешім нақты дәлелге сүйенеді әрі адам өміріне тікелей әсер етеді, – дейді ақ халатты. – Бұл ретте, жақсы рентгенологтың қасиеттеріне байқағыштық, жан-жақтылық, жауапкершілік, сонымен қатар, кәсіби тәжірибені үнемі жаңартып отыру қажет екенін атап өткен жөн.
Арай Идрисова кейде өзінің жұмысында ауыр диагноз қоюға тура келетінін, алайда кәсіби сабыр сақтап, әрдайым нақты әрі объективті болуға тырысатынын айтты. Ол рентгенологтардың сөзі науқастың алдағы өміріне әсер етуі мүмкін екенін ерекше атап өтті.
Сонымен қатар, болашақ дәрігерлерге ол әр зерттеудің артында адам тағдыры тұрғанын ұмытпау керегін, кәсібіне сүйіспеншілікпен қарап, әр нәтижеге жауапкершілікпен қараса, ғана нағыз дәрігер болуға болатынын жеткізді.
Сұхбат соңында Арай Идрисова рентгенологияны тек аппараттар емес, адам тағдырына көзбен, жүрекпен үңілу ретінде сипаттады, яғни бұл мамандық үшін тек техникалық дағдылар емес, жан-жақты адамгершілік қасиеттер де маңызды екенін көрсетті.