Павлодарлықтар некелерін онлайн түрде қия алады

Павлодарлықтар некелерін онлайн түрде қия алады
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Ол үшін электронды цифрлық қолтаңба қажет, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар облысы бойынша «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы филиал баспасөз қызметінің мәліметінше, азаматтар өтінішті азаматтық хал актілерін тіркеу бөліміне барып бере алады. Неке қиюды тіркеу жарнасы 3864 теңгені құрайды. Оны портал арқылы кез келген банктің картасынан жасауға болады. Ол үшін салық органын және 910 төлемдерді тағайындау кодын көрсету қажет. Алғаш рет некеге отырған азаматтар eGov.kz порталын пайдалана алады.

Өтініш беру үшін электрондық цифрлық қолтаңба, eGov.kz порталында тіркелу қажет. Рәсім eGov.kz порталындағы «Онлайн тапсырыс беру» түймесін басу арқылы басталады, ол қолданушыны электронды өтінім бар бетке бағыттайды.

Сауалнамада сіз жеке деректеріңізді, болашақ жұбайыңыздың ЖСН-ін көрсетіп, АХАТ бөлімін таңдап, тіркеу үшін мемлекеттік бажды кім төлейтінін көрсетуіңіз керек. Толтырғаннан кейін өтінішке электронды қолтаңба арқылы қол қойылып, сіздің болашақ жұбайыңызға растау үшін жіберіледі. Өтінішті жібергеннен кейін жұбайыңыз порталға кіріп, өтінішті растауы және бұрын жасалмаған болса, мемлекеттік бажды төлеуі қажет. Өтінімді 48 сағат ішінде растау керек, әйтпесе оның күші жойылатынын ескеріңіз, – дейді ведомствода.

Өтініш сәтті қаралғаннан кейін азаматтарға некені тіркеу күні мен орны көрсетілген хабарлама келеді. Белгіленген күні АХАТ бөліміне жеке басын куәландыратын құжаттармен және басып шығарылған түбіртекпен келу керек. Бас тартқан жағдайда электрондық поштаға «Тіркеу қабылданбады» мәртебесі туралы хабарлама жіберіледі.

Неке қию туралы өтініш тіркеуші органға некені мемлекеттік тіркеуден 15 күнтізбелік күн бұрын берілетінін есте ұстаған жөн.