Қазақстанда «Әрбір қан тамшысындағы өмір» акциясы басталды

Қазақстанда «Әрбір қан тамшысындағы өмір» акциясы басталды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Шара 3 ақпаннан 27 ақпанға дейін созылады, деп хабарлайды  @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Денсаулық сақтау министрлігі 15 ақпанда атап өтілетін Дүниежүзілік балалар обырына қарсы күрес күні шеңберінде «Әсел Байсейітова атындағы қайырымдылық қоры» қоғамдық қорымен бірлесе отырып, «Әрбір қан тамшысындағы өмір» атты ізгі ниет акциясын жариялады. 

Акцияның мақсаты – халықты, еліміздің медициналық мекемелерін және пациенттерді ҚР-да сүйек кемігі донорлығы институтының дамуы туралы хабардар ету, гемопоэздік  дің жасушалары донорларының ұлттық тіркелімін (ГДЖ) толықтыруға назар аудару болып табылады. 

Акция шеңберінде ҚР Денсаулық сақтау министрлігі мен еліміздің барлық өңірлерінің денсаулық сақтау басқармалары қызметкерлерінің қатысуымен жергілікті жерлерде «Сүйек кемігінің донорлығы» тақырыбында дәрістер оқылып, ГДЖ донорлар тізіліміне кіруге ниет білдірушілерден қан алынады.

15 ақпанда Дүниежүзілік балалар обырына қарсы күрес күні атап өтіледі. Бұл күн халық пен медициналық қоғамдастықтың уақтылы диагностика мен емдеу қажеттілігі, сондай-ақ балалар онкологиясының жетістіктері мен проблемалары туралы хабардарлығын арттыру мақсатында құрылған. Бұл күн денсаулық сақтау мамандарының, қоғамдық және қайырымдылық қорларының осы ауыр аурумен күресудегі күш-жігерін біріктірудің маңыздылығын еске салады.

Жыл сайын Қазақстанда қатерлі ісіктер алғаш рет 600 балада анықталады. Заманауи емдеу әдістерін қолдану обырға шалдыққан балалардың өмір сүруін арттыруға мүмкіндік береді. 

Балалардағы қатерлі ісіктерді емдеудің тиімді әдістерінің бірі – гемопоэздік дің жасушаларын трансплантаттау бллып табылады. 

Пациентке трансплантаттау қажет болған кезде бірінші кезекте туыстарының арасынан донор іздейді. 

Бірақ сәйкес генотипі бар адамды табу мүмкіндігі 10 000 жағдайға біреу ғана. Сондықтан сүйек кемігінің донорлығын дамыту обырға шалдыққан балаларды емдеу үшін үлкен маңызға ие. Әлеуетті донор болуға неғұрлым көп адамдар дайын болса, өмірді сақтап қалу мүмкіндігі соғұрлым жоғары болады.