Ақтоғай ауданында келесі жылы жолды су шайып кетпеу үшін көпір салынады
Тұрғын үйлер мен ұйымдарды су басып қалуына жол берілмеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыс әкімі Асайын Байханов ТЖД басшылығымен су басу қаупі бар ауылдарды тікұшақпен аралап өтті. Қардың еру көлемін бағалай отырып, қауіпті учаскелер белгіленді және елді мекендерге судың келуіне қарсы іс-шаралар айқындалды.
– Ақтоғай ауданының Шолақсор ауылында көршілес Солтүстік Қазақстан облысынан келген судың негізгі көлемі ағып өтті, жергілікті жердегі Сілеті өзеніндегі судың деңгейі қалыпты белгіге дейін төмендеді – 1,95 метр. Ауылға кіреберіс жол қалпына келтірілді, – деп жазды аймақ басшысы Іnstagram парақшасында.
Облыс әкімі аталмыш жолды судың жиі шайып кетуіне жол бермеу үшін ЖСҚ дайындап, келесі жылы облыстық бюджет есебінен көпір салынатынын хабарлады.
Тереңкөл ауданының Первомайское ауылында Северная және Достық көшелерін су басу қаупі бағаланды. Мұнда үйлерді қорғау үшін биіктігі 1,5 метр болатын үш шақырымдық бөгет салынды, шамамен 6000 текше метр су шығарылды.
– Қазір өңірдің әрбір ауылында су тасқынына қарсы барлық қажетті іс-шаралар жүргізілуде. Көшелер мен үйлерге суды жібермеу – әкімдердің бірінші кезектегі міндеті. Мен олардан есептерді тәулік бойы алып отырмын, – деді Асайын Байханов.
ЖАО және ТЖД күштерімен қажетті су тасқынына қарсы іс-шаралар жүргізілді, атап айтқанда, Шолақсор ауылының бойындағы топырақ үйіндісі, бөгетті топырақпен және қапшықпен нығайту, кірме автожол нығайтылды. Су деңгейінің өзгеруіне кезекшілікті жүзеге асыру үшін ТЖД ЖҚЖ-дан алты адам, екі техника және екі жүзу құралы жұмылдырылды.
Барлық тартылған күштер мен құралдар Жалаулы ауылына көшірілді.
Облыстық ТЖД баспасөз қызметінің мәліметінше, 2 сәуір сағат 08:00-дегі жағдай бойынша аудандық маңызы бір учаскені еріген қар суы басуда: Ақтоғай ауданының Жолболды-Шелекті автожолы. Сондай-ақ су тасқынына қарсы елді мекендердегі 10 учаске бақылауда (Павлодар ауданында – бір, Ақтоғай ауданында – екі, Тереңкөл ауданында – екі) , Успен ауданында – бір, Ертіс ауданында – үш, Шарбақты ауданында – бір) және су тасқынына қарсы жұмыстар жүргізілуде.
Облыс бойынша су тасқынына қарсы іс-шараларға барлығы 435 адам, 145 техника, 47 мотопомпа, екі жүзу құралы жұмылдырылды. Өткен тәулікте 108 876 текше метр еріген су сорылды, 2850 қап төселді, 150 тонна инертті материал төселді.
Әкімдіктер мен ТЖД аула аумақтарын, тұрғын үйлер мен көпқабатты үйлердің жертөлелерін су басу фактілерін анықтау үшін тексеруде. Мониторинг тәулік бойы жүргізіледі және дрондар қолданылады.