Екібастұзда ГРЭС-3 салынады

Екібастұзда ГРЭС-3 салынады
Фото: Константин Шелков

Станция 2029 жылы іске қосылады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев Павлодар облысына арнайы келді.  Сапар барысында  Екібастұз ГРЭС-3 құрылысы жобасының жүзеге асырылу барысымен танысты.

Жоба әрқайсысының қуаты 660 МВт болатын төрт энергоблок салуды көздейді. Станцияның жалпы қондырғылық қуаты 2 640 МВт құрайды, ал жобаның алдын ала құны үш триллион теңгеден асады.

Нұрлыбек Нәлібаев энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі болып қала беретінін атап өтті. 

«Integra Construction KZ» ЖШС-нің бас директоры Мадияр Саттыбаев қазіргі уақытта жаңа электр станциясының жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеу жүргізіліп жатқанын айтты. Жобаны ағымдағы жылдың қыркүйек-қазан айларында мемлекеттік сараптамаға тапсыру жоспарланған, ал оны 2027 жылдың қаңтарында аяқтау көзделуде.

– Кестеге сәйкес, бірінші энергоблокты 2029 жылдың соңында іске қосу жоспарланып отыр. Қалған үш блок кезең-кезеңімен жыл сайын бір-бірден іске қосылады, ал станция құрылысын толық 2032 жылы аяқтау жоспарланған, – деді Мадияр Саттыбаев. 

Жаңа электр станциясы үшін негізгі отын ретінде Екібастұз көмірі пайдаланылады. Отынның жылдық тұтынуы 8-ден 9 миллион тоннаға дейін болады.

– Жаңа энергетикалық нысандардың құрылыс мерзімін шегеру тәуекелдерін болдырмау және жаңа өндіруші қуаттарды уақтылы іске қосу үшін ұйым басшыларының жеке жауапкершілігін күшейту қажет, – деді Нұрлыбек Нәлібаев. 

Мадияр Саттыбаев жоба аяқталғаннан кейін Екібастұз ГРЭС-3 ең алдымен Қазақстанның солтүстік өңірлерін, оның ішінде Ақмола облысын электр энергиясымен қамтамасыз ететінін тілге тиек етті. Алдағы уақытта энергетикалық инфрақұрылымды дамыту республиканың басқа өңірлеріне де қосымша электр энергиясын беруге мүмкіндік береді. Бұл ішкі нарықты қамтамасыз етуге ықпал етеді.

– Құрылыс кезеңінде нысанға 8-ден 10 мыңға дейін жұмысшы тарту жоспарланып отыр. Басымдық Павлодар облысының тұрғындарына беріледі, қажет болған жағдайда елдің басқа өңірлерінен мамандар шақырылады, – деді мердігер ұйым өкілі. 

Станция пайдалануға берілгеннен кейін шамамен мың тұрақты жұмыс орны ашылады. Компания жергілікті атқарушы органдармен ынтымақтастық туралы меморандум жасасты және болашақ мамандарды даярлау үшін бейінді оқу орындарымен келісімшарттарға қол қоюды жоспарлап отыр. Сонымен қатар, кәсіпорын станцияны пайдалануға қажетті кадрларды оқытуға өз гранттарын бөлуді көздеуде. Мамандарды даярлау жабдықтар мен технологиялар жеткізушілерімен бірлесіп жүргізіледі.