Екібастұзда WhatsApp арқылы ақша жымқырған алаяқтар әшкереленді

Екібастұзда WhatsApp арқылы ақша жымқырған алаяқтар әшкереленді
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Екі кәмелетке толмаған студент ұсталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Павлодар облысының киберполиция қызметкерлері жалға алынған SIM-карталар мен WhatsApp мессенджеріндегі аккаунттарды пайдалану арқылы жасалған алаяқтық әрекеттерінің жолын кесті.

– 2025 жылдың қыркүйек айында облыс бойынша және Екібастұзда азаматтардың қаржысын қашықтан жымқырудың екі дерегі тіркелді. Келтірілген жалпы шығын 12 миллион теңгеден асты, – деді облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Болат Нұрсейітов.

Алаяқтар WhatsApp қосымшасы арқылы қоңырау шалып, өздерін түрлі мемлекеттік және қаржы ұйымдарының қызметкерлері ретінде таныстырған. Жеке деректерді қорғау мен киберқылмыстың алдын алу сылтауымен азаматтарды алдап, қолжетімділік кодтары мен банк деректерін иемденген.

Ведомствоның нақтылауынша, қоңыраулар жасалған абоненттік нөмірлер үшінші тұлғалардан Telegram мессенджері арқылы келісім бойынша алынған. Көбінесе бұл схемаға өз SIM-карталары мен WhatsApp аккаунттарын жалға беріп, қашықтан «табыc табуды» ұсынған колледж студенттері тартылған. Төлем криптовалютамен жүргізілген.

– Жедел іс-шаралардың нәтижесінде өз нөмірлерін пайдалануға берген екі кәмелетке толмаған жасөспірім ұсталды. Олардың қолынан 70-тен астам SIM-карта мен мобильді құрылғылар тәркіленді. Схемада пайдаланылған 100-ден астам абоненттік нөмір анықталды, – деп атап өтті спикер.

Қазіргі уақытта аса ірі көлемде жасалған алаяқтық фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Сондай-ақ ұйымдастырушыларды және нөмірлерді беруге, қылмыстық әрекетті үйлестіруге қатысы бар өзге тұлғаларды анықтау жұмыстары жалғасып жатыр.