Интернетсіз ауыл қалмайды: Павлодар облысында цифрлық инфрақұрылым жаңғыртылуда

Интернетсіз ауыл қалмайды: Павлодар облысында цифрлық инфрақұрылым жаңғыртылуда
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Цифрлық инфрақұрылымды дамыту, байланыс сапасын арттыру және ауылдық жерлердегі интернет қолжетімділігін кеңейту бойынша бірқатар тапсырмалар берілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыс әкімдігінде өткен аппараттық жиында цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Ердос Жүсіповтің айтуынша, қазіргі таңда облыста 345 ауылдық елді мекен бар. Оның ішінде 336 ауыл ұялы байланыспен, 344 ауыл интернет желісімен қамтылған.

Қазіргі уақытта облыста тоғыз ауылда ұялы байланыс қолжетімсіз болса, бір елді мекенде – Баянауыл ауданының Ақши ауылында интернет желісі жоқ.

– Ұялы байланыс жоқ ауылдардың қатарында Екібастұз қаласына қарасты Ақши, Қаражар, Көксиыр, Мыңтамыр ауылдары, Ақтоғай ауданындағы Балтасап, Қарасу, Қарабұзау ауылдары, Аққулы ауданындағы Шоқтал және Ертіс ауданындағы Қызылқақ елді мекені бар, – деді басқарма басшысы. 

Ауылдық елді мекендерді жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз ету мақсатында «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында талшықты-оптикалық байланыс желілерін салу жұмыстары жүргізілуде.

Жобаға Павлодар облысынан 207 ауылдық елді мекен енгізілген. Жаңартылған жоспарға сәйкес, 2026 жылы – 137 ауылды, ал 2027 жылы 66 ауылды жоғары жылдамдықты интернетпен қамту көзделген.

Қазіргі уақытта Шарбақты ауданындағы алты ауылда талшықты-оптикалық байланыс желілерін тарту жұмыстары аяқталған. Сонымен қатар, Баянауыл ауданында тиісті жұмыстар басталды.

Бұдан бөлек, 2026 жылы Қызылқоғам және Озерное ауылдарында антенна-діңгектік құрылыстар салу жоспарланып отыр.

Жиында «Мобайл Телеком-Сервис» ЖШС (Tele2/Altel) компаниясының Май ауданындағы Саты және Успен ауданындағы Таволжан ауылдарын сапалы ұялы байланыспен қамтамасыз ету жөніндегі лицензиялық міндеттемелері мәселесі де көтерілді.

Осыған байланысты Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің Телекоммуникациялар комитетіне тиісті шаралар қабылдау туралы ұсыныс жолданған.

Компания өкілінің айтуынша, 2025 жылғы қараша айында лицензиялық міндеттемелер қайта қаралған. Аталған елді мекендер жоспардан шығарылмаған, алайда оларды байланыспен қамтамасыз ету мерзімі 2030 жылға ауыстырылған.

– Мұндай шешім министрлік деңгейінде қабылданғандықтан, нақты себептері бойынша түсініктеме бере алмаймын, – деді компания өкілі. Ал, Саты ауылында қазіргі уақытта ұялы байланыс бар. Бұған дейін Абай ауылында антенналық-діңгектік құрылыс қате координаттар бойынша орнатылған. Бұған елді мекен атауларының өзгеруі және картографиялық деректердің сәйкес келмеуі себеп болған. Кейін Байланыс инспекциясы мамандары тексеру жүргізіп, Саты ауылында ұялы байланыс сигналы бар екенін растады, – деді Ердос Жүсіпов.

Облыстың халық саны аз 13 ауылында OneWeb спутниктік интернеті жұмыс істейді. Сонымен қатар, тұрғындарға арналған қоғамдық Wi-Fi қолжетімділік нүктелері ұйымдастырылған.

Павлодар облысындағы 128 ауылдық мектептің барлығы жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз етілген. Бұл мектептер талшықты-оптикалық байланыс желісіне қосылып, Starlink жабдықтарымен қамтылған.

Инвестициялық жоба аясында республикалық маңызы бар автокөлік жолдарының бойында 12 антенна-діңгектік құрылыс салу жоспарланған.

Барлық нысандар бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленген. Қазіргі уақытта жеті жоба «Транстелеком» АҚ тарапынан сатып алынған. Үш жоба бойынша аукцион жарияланған, ал екі жоба бойынша аукцион өтпеген.

Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов жобалардың белгіленген мерзімде орындалуы маңызды екенін атап өтті.

– Ең бастысы – бұл жобалардың жоспардан кешікпеуін қамтамасыз ету. Халыққа жол бойындағы интернет пен ұялы байланыстың сапасын жақсартуға уәде бердік. Сондықтан жұмыстар уақытылы аяқталуы тиіс, – деді аймақ басшысы. 

Оның айтуынша, «Транстелеком» компаниясының басшылығымен арнайы кеңес өткізу қажет. Қажет болған жағдайда бұл мәселе Цифрлық даму министрлігінің қатысуымен қаралуы тиіс.

Сонымен қатар инвестициялық міндеттемелерін орындамай отырған байланыс операторларымен нақты келіссөздер жүргізу қажеттігі айтылды.

– Радиожиіліктерді алған кезде операторлар мемлекет алдында белгілі бір инвестициялық міндеттемелерді өз мойнына алды. Олар байланыс инфрақұрылымын дамыту бойынша жобаларды белгіленген мерзімде орындауы тиіс, – деді Асайын Байханов.

Облыс әкімі интернетке деген сұраныс жыл сайын артып келе жатқанын атап өтті. Ақпараттық жүйелердің, цифрлық сервистердің және интернет пайдаланушылардың көбеюі жаңа инфрақұрылымдық шешімдерді қажет етеді. Осыған байланысты мемлекет пен бизнестің әріптестігі арқылы байланыс нысандарын дамыту ұсынылды. Мысалы, ірі ауыл шаруашылығы кәсіпорындары орналасқан елді мекендерде кәсіпкерлер антенналық-діңгектік құрылыстарды өз қаражаты есебінен салып, байланыс операторларына жабдықтарын орналастыруға мүмкіндік бере алады.

Аймақ басшысы аудан әкімдеріне елді мекендердегі байланыс жобалары туралы нақты мәлімет болуы керектігін атап өтті.

Жобаға енбеген ауылдар бойынша да қосымша мүмкіндіктер қарастырылуы қажет екені де тілге тиек етілді. Халық саны аз әрі шалғай орналасқан ауылдар толықтай байланыссыз қалмауы керек екені айтылды. Мұндай елді мекендерде ең болмағанда тұрақты ұялы байланыс болуы маңызды. Бұл тұрғындардың төтенше жағдайда жедел қызметтерге немесе жақындарына хабарласуына мүмкіндік береді.