Павлодар азаматы сүйіктісін соққыға жыққаны үшін сотталды
Жанжал нәтижесінде жәбірленуші ауруханаға жатқызылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
№2 қалалық сот баспасөз қызметінің мәліметінше, бүгін сот залында М.-ға қатысты зорлау және денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қаралды.
– Соттың анықтауынша М. мен Н. жарты жыл бойы кездескен. Жалдамалы пәтерде кезекті кездесуде олардың арасында жанжал туындап, оның барысында М., Н.-ның басы мен денесіне қолдарымен және аяқтарымен соққы келтіріп, сосын оны құлатып, тұншықтыра бастаған. Нәтижесінде жәбірленуші түрлі дене жарақаттарымен ауруханаға жатқызылды, – дейді баспасөз орталығында.
Сол жерде Н. құқық қорғау органдарына хабарласқан.
Денсаулыққа зиян келтіру жөніндегі айып бөлігінде сот Қылмыстық-процестік кодексінің 340-бабы тәртібінде прокурорға неғұрлым ауыр айыптау бойынша жаңа айыптау актісін жасауға уақыт берді. Жаңа айыптау актісі жасалмағандықтан, сот істі тағылған айып шегінде қарап, денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтіргені үшін айыпталушыны кінәлі деп таныды.
Айғақтардың қайшы келуі және сараптаманың теріс нәтижелерінен зорлау фактісі бойынша айыптау расталмады.
– Сот қылмыстық жауаптылықты ауырлататын мән-жайды – масаң күйде қылмыс жасауын, М.-ның жағымсыз мінезделуін ескере отырып, ҚК-тің 107-бабы 1-бөлігімен көзделген ең жоғары жаза – 2 жылға бас бостандығынан айыруды тағайындады, – делінген хабарламада.
Үкім заңды күшіне енген жоқ және оған тараптар шағым жасаулары, наразылық білдірулері мүмкін.