Павлодар облысында бүркітшілердің саны артып келеді
Олардың бірі – Ақсу қаласының шетінде тұратын Бекболат Ысқақов.
Басында түлкі бөрік, белінде тастармен безендірілген былғарыдан жасалған белбеу таққан бүркітші Pavlodarnews.kz ақпараттық агенттігінің тілшілерін нағыз қазақ батырларының бейнесінде қарсы алды.
Олбұл өнердің әкеден балаға қалған мұра екенін айтады.
– Құсбегілікпен айналысып жүргеніме 10 жылдай болып қалды. Кішкентай кезімде әкем үйде бүркіт ұстайтынын көретінмін. Мен де осы жолды қуып, бүркіт баптап, құсбегілікпен айналысуды жөн көрдім, – дейді құсбегі.
Бекболат Ысқақов екі бүркітті баптап отыр. Оның бірі шәулі (еркек) бүркіт болса, бірі – тастүлек (ана) бүркіт.
– Бүгінгі таңда шәулі бүркітім алты жасқа келіп қалды. Ал тастүлек бүркіт төрт жасқа келді. Еркек бүркітпен балам Қазақстан чемпионатына барып, жеңімпаз атанған болатын. Сол жарыста балам спорт шебері атағын алды. Қызым да осы бүркіттерге қызығады. Жақында бүркіттер жайлы ғылыми жоба қорғап, республикалық кезеңге жолдама алды. Енді Ақмола облысының Щучинск қаласында осы жобаны қорғайтын болады, – дейді бүркітші.
Бүркітшінің бұл өнерді хобби ретінде көретінін және аңға жиі шығып тұратынын айтады. Қыран құстары аңшылықтан жемсіз қайтпайды.
– Бұрынғы уақытта ата-бабаларымыз құсбегілікпен бір ауылды асыраған. Бүгінгі таңда бұл өнерді тек хобби ретінде қолданылады. Аңға да шығып тұрамыз. Аңға шықпасақ не үшін бүркіт ұстаймыз, – дейді Бекболат Ысқақов.
Құсбегінің айтуынша, бүгінде құсбегілік өнер кеңінен қанат жайып, облысымызда да өркендеуде және бүркітшілердің саны да артқан.
– Облысымызда республикалық құсбегілер федерациясының филиалы құрылды. Федерация президенті – Берік Уәли. Бүгінгі таңда облысымызда құсбегілердің саны ақырындап өсуде. Қазіргі уақытта олардың саны 15-тен асады, – дейді бүркітші.
Бекболат Ысқақов шаруа қожалығын ұстайды. Бүркіттен бөлек екі тазы иті бар.