Павлодарда ұлт зиялысы Әлихан Бөкейхановқа арналған тағылымды дәріс өтті

Павлодарда ұлт зиялысы Әлихан Бөкейхановқа арналған тағылымды дәріс өтті
Фото: Марғұлан университеті

Бүгін, 5 наурыз «Алаш» қозғалысының жетекшісі Әлихан Бөкейханның туғанына биыл 159 жыл толды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.,

Павлодар қаласының Әлихан Бөкейхан атындағы лицей-мектебі қабырғасында ұлт зиялысы, публицист, ғалым, аудармашы Әлихан Бөкейхановтың онкүндігіне арналған ерекше кездесу ұйымдастырылды. Бұл шараға студенттер мен оқушылар, тарих ғылымдарының кандидаттары, профессорлар қатысты.

Әлкей Марғұлан университетінің тарих ғылымдарының кандидаты Болат Құдайбергенұлы арнайы шақырылып, мектеп ұжымы мен білім алушыларына тағылымды дәріс оқыды.

– Ұлт тарихын тану – елдің жарқын болашағына бастар жол. Әлихан Бөкейхан – даңқты қоғам және мемлекет қайраткері. Оның бастамасымен «Қазақ» газеті ашылды, «Алаш» партиясы, кейін Алаш Үкіметі құрылды. Автономия ретінде күш-қуатын бекіте түскен ел зиялылары Алаш әскерін жасақтады, деп еске алды спикер.

Дәріс барысында ғалым Әлихан Бөкейханұлының өмірі, қайраткерлік жолы, ұлттық мүдде үшін атқарған еңбегі туралы мазмұнды ақпарат берді. Оқушылар мен ұстаздар Алаш көсемінің тарихи мұрасына қатысты қызықты деректермен танысып, өздерін толғандырған сұрақтарға жауап алды.

Аталмыш кездесу жас ұрпаққа Алаш арыстарының ел болашағы үшін сіңірген еңбегін насихаттауға, олардың идеяларын жаңа заман талабымен ұштастыра отырып, өскелең ұрпақтың тарихи санасын қалыптастыруға бағытталған.

Айта кетейік, келесі жылы ұлт зиялының мерейтойы аталып өтіледі деп жоспарлануда.