Павлодарда әлеуметтік педагогтар күйзелісті еңсеру жолымен бөлісті

Павлодарда әлеуметтік педагогтар күйзелісті еңсеру жолымен бөлісті
Фото: pixabay.com

№ 26 мектепте жасөспірімдердің суицидтік мінез-құлқының алдын алу бойынша «Өмір құндылығы» атты қалалық семинар-практикум өткізілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.  

«Біртұтас тәрбие» бағдарламасын жүзеге асыру аясында шараға қаланың жалпы білім беретін мектептерінің 45 әлеуметтік педагогы қатысты. Семинардың мақсаты – адамгершілік және этикалық тәрбие беру, ұжымда оң бейімделу дағдыларын қалыптастыру, білім алушылардың әлеуетін, дарынын ашу, қызығушылықтары бойынша  бос уақытын  қамту.

«Павлодар дарыны» орталығының әдіскері Назигүл Қайырқанова қатысушыларды семинардың мақсаты  және  міндеттерімен таныстырып, әлеуметтік педагогтардың өз-өзіне қол жұмсау әрекеттерін болдырмау бойынша білім алушылармен профилактикалық жұмыстағы рөлі туралы атап өтті. Қатысушыларға № 5 мектеп басшысының тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары Жанар Сердалинаның мектепте суицидтің алдын алу бойынша жұмыс алгоритмі туралы тәжірибесі ұсынылды. 

Олимпиада резервінің мамандандырылған мектеп-интернат-колледжінің әлеуметтік педагогы Жанна Қожабекова медитация және тыныс алу жаттығулары, эмоциялық суреттерді пайдалану, қиындықтарды қолдау және еңсеру туралы «Өмір сый ретінде: оның құндылығын түсіну және сақтау» тақырыбында сөз сөйледі. Мектеп оқушыларының үйлесімді дамуын қалыптастыруға арналған идеалдар, оң мысалдар келтірді.

Өңірлік психологиялық қолдау орталығының психологиялық бөлімінің басшысы Мәдина Багаева «Өмірдің құндылығы» атты тренинг өткізді.

Семинар қорытындысы бойынша әдістемелік ұсыныстар беріліп, спикерлер  «Павлодар дарыны» орталығының сертификаттарына ие болды.