Павлодар облысында мүмкіндігі шектеулі жандардың саны артуда

Павлодар облысында мүмкіндігі шектеулі жандардың саны артуда
Фото: ӨКҚ

Өңірде мүмкіндігі шектеулі жандардың 60% – екінші топтағы жарымжан жандар, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің Павлодар облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Ләззат Сартымбаева мәлім етті.

– Қазіргі уақытта мүмкіндігі шектеулі жандардың саны артуда. Биылғы жылдың басынан бастап 11118 мүмкіндігі шектеулі жан тіркелді. Оның  ішінде  3025 адам – жаңа тіркелгендер. Ал қайта тікелгендер саны – 6772.  Әсіресе қатерлі ісік  аурулары мен балалар арасында аутизм дерті көбейген. Жеке оңалту бағдарламасы бойынша  1104 тұрғын тіркелді, – деді Ләззат Сартымбаева.

Оның айтуынша, қазіргі таңда мүгедектікті және қажетті әлеуметтік қорғау шараларын белгілеу мемлекеттік қызметі екі форматта жүзеге асырылады. Яғни, сырқат адамдар бұл шараны бетпе-бет немесе сырттай өткізе алады.  

Бүгінгі таңда аймақта мүмкіндігі шектеулі жандардың саны 29 мыңның шамасында.  Олардың 30% – бірінші топтағы,  60% – екінші топтағы мүмкіндігі шектеулі жандар. Қалған 10% – психикалық аурулар мен қатерлі ісікке ұшыраған адамдар.