Павлодарда Мұхтар Әуезовті тірі кезінде жоқтаған ұлы ақын еске алынды

Өңірімізде тума талант Иса Байзақовтың 125 жылдығы тойлануда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Мерекелік іс-шараның бірі ретінде облыс орталығындағы Достық үйінде өткен «Сарыарқаның дүлділі» атты республикалық конференциясын айтуға болады. Жиынның ашылуында сөйлеген Павлодар облысы әкімінің орынбасары Айгүл Мәлікова бірегей ақын, композитор, әртістің ерекше еңбегін атап өтті.
- Биыл Павлодар облысының топырағында туып, әлемдік өркениетке өз үлестерін қосқан асыл перзенттеріміздің мерейтойлары аталып өтуде, - деп сөзін бастады Айгүл Мәлікова. – Солардың бірі – қазақ әдебиеті мен өнеріне ұмытылмас із қалдырған ақын, композитор Иса Байзақов. Ол табиғатынан тума талант еді. Ақын өлеңдерінде өмір сүрген кездегі Қазақстанның тыныс-тіршілігін арқау етті. Шығармашылығы фольклорлық сипатта болып, оның ерекше суырыпсалма өнері тарихқа енді. Иса Байзақовтың әйгілі желдірмелері халықтың арасында кеңінен тарады, ол отты жырларымен еңбекті насихаттады.
Әкім орынбасары Иса ақынның өнері қазақ халқының есінде мәңгі сақталатынын айтып, ұлттық әдебиеттің алтын қазынасы болып, оның асқақ биіктігінде жарқырай бергеніне тілек білдірді. Айгүл Мәлікова Иса Байзақовтың немерелері Құралай мен Қырмызы Ертісқыздарына облыс әкімі атынан Құрмет хаттары мен сый-сыяпат тарту етті.
Конференция кезінде ұлы ақын туралы басқа да пікірлер айтылды. Мәселен, атақты айтыскер Аманжол Әлтаев Ертіс өңірі секілді қасиетті топырақта туған Иса Байзақовтың қазақ әдебиетінің эпикалық тынысы мен поэзиясының өрісін кеңейткенін ерекше атап өтті.
Қазақстан Жазушылар одағы басқарма хатшысы, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы, филология ғылымдарының докторы Бауыржан Жақып аудиторияға Иса ақын туралы бірқатар қызықты деректі санамалады.
- Бірде Мұхтар Әуезов Иса Байзақовқа «осы сен өркөкіректеніп неге мен-мен деп, өзіңнің кеудеңді қағып жүресің, мықты болсаң, айталық, мен дүние салған екенмін, маған жоқтау айтып көрші» деп қолқа салады. «Домбырасын қолына алып, шанағының бет тақтайын тарс-тұрс ұрып жіберіп, шырқап кетті. Иманым қасым болды. Азалы әуен, қара жамылған қара келіншектер – бәрі шын болып кетті. Әттең, әсем әні де, жыры да сол жерде қалды – қазіргідей диктофон, магнифон ол кезде жоқ еді» деп ұлы жазушы Иса Байзақовты еске алғанда айтқан еді, - дейді Бауыржан Жақып.
Айта кетейік, Иса Байзақовтың 125 жылдығы облысымызда аса ірі ауқымда аталып өтуде. 25-26 шілде күндері ұлы ақынның туған жерінде ауқымды мерекелік шаралар өтеді. Ертіс аудандық ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімі хабарлағандай, 25 шілдеде аудан орталығында Иса Байзақовтың 125 жылдығына арналған ат жарысы басталады.
Еске салайық, 26 шілдеде, облыстық кітапхана жанынан, таңғы сағат 6:00-де жүретін автобуспен екі жүз павлодарлық этноауылға тегін жете алады.