Павлодарлық ғалымдар Алтын Орда дәуіріне қатысты жаңа олжалар тапты
Экспедиция барысында XIV-XV ғасырларға жататын кесене мен сирек жәдігерлер анықталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Марғұлан университетінің ғалымдары мен студенттері Алтын Орда дәуірінің археологиялық ескерткіштерін зерттеу экспедициясын жалғастырып жатыр. Зерттеу бағыты Ертістің сол жағалауын, Қызылқақ көлін, Өлеңті, Шідерті және Сілеті өзендерінің аңғарларын қамтиды.
– Экспедиция барысында маңызды нысандардың бірі – Жантай қонысында қазба жұмыстары жүргізілді. Археологтар алғашқы кезеңнің өзінде мұнда ірі сәулет құрылысы болғанын айғақтайтын белгілерді анықтады. Бұған күйдірілген кірпіштердің көптеп табылуы мен лидар және георадар арқылы жүргізілген зерттеу нәтижелері негіз болды, – деді ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз орталығы.
Ғалымдардың айтуынша, табылған 25×25 сантиметрлік кірпіштер Алтын Орда дәуіріне тән құрылыс материалына сәйкес келеді. Мұндай кірпіштер сол кезеңде сарай, мешіт, кесене және басқа да монументалды ғимараттарды тұрғызуға пайдаланылған.
Қазба кезінде жерлеу орындарының іздері мен сазды ерітіндімен қаланған ортағасырлық қабырға қалдықтары да анықталды. Алдын ала болжам бойынша, Жантай қонысындағы сәулет кешенінің қирандылары XIV-XV ғасырларға жататын дала ақсүйектерінің кесенесі болуы мүмкін. Оның маңынан сол кезеңге тиесілі ауқымды қорым да табылған.
Барлық аршылған нысандар роботтандырылған геосканер арқылы цифрландырылып, үш өлшемді модель жасалды. Бұл болашақта археологиялық ескерткішті виртуалды түрде қалпына келтіруге мүмкіндік береді.

Студенттердің өндірістік тәжірибесінің жетекшісі Асқар Әбілдиннің айтуынша, экспедиция Алтын Орда дәуірін тереңірек зерттеуге және болашақ археологтардың тәжірибе жинауына жол ашады.
Қазба барысында металл әшекейлер мен моншақтар жиынтығы да табылды. Рентген-флуоресценттік талдау олардың құрамында қорғасын мен қалайы мөлшері жоғары қола қорытпасы бар екенін көрсетті. Археолог Елена Тушеваның пікірінше, бұл Ертіс өңірінде Алтын Орда дәуірінде металлургияның жоғары деңгейде дамығанын дәлелдейді.
– Зерттеу барысында сырттан әкелінген моншақтар мен табиғи таралу аймағы Үнді мұхиты саналатын каури бақалшағы да анықталды. Биоархеолог Наталья Миллер мұны Ұлы Дала мен Оңтүстік Азия арасындағы ежелгі сауда байланыстарының айғағы деп бағалады, – делінген хабарламада.
Экспедиция жетекшісі, Марғұлан университеті Археологиялық зерттеулер институтының директоры Тимур Смағұловтың айтуынша, жаңа олжалар өңірдің тарихи дамуы туралы ғылыми түсінікті толықтырып, Алтын Орда дәуірінің мәдени мұрасын зерттеуге тың мүмкіндік береді.