Павлодарлық дәрігер қатерлі ісіктен қалай сақтануға болатынын түсіндірді

Павлодарлық дәрігер қатерлі ісіктен қалай сақтануға болатынын түсіндірді
Фото: Константин Шелков

Павлодар облысында онкологиялық аурулардың жоғары көрсеткіші экологиямен емес, ең алдымен ерте диагностикалау мен демографиялық ерекшеліктермен байланысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Бұл туралы облыстық онкологиялық диспансер дәрігер-онкологы Сергей Борисенко баяндап берді. Павлодар облысы Қазақстан өңірлері арасында онкологиялық аурушаңдық көрсеткіші бойынша жиі алдыңғы қатардан көрінеді. Алайда мамандардың айтуынша, бұл сандарды біржақты қабылдауға болмайды.

Сергей Борисенконың айтуынша, негізгі себептердің бірі — ауруларды ерте анықтау деңгейінің жоғары болуы.

- Көрсеткіштердің өсуі, негізінен, ерте диагностикалауға байланысты. Қазіргі таңда пациенттердің шамамен 70 пайызы бірінші және екінші сатыларда анықталады. Бұл — біз нақты ем жүргізіп, нәтиже көрсете алатын кезеңдер, — деді ол.

Дәрігер онкологиялық аурушаңдық статистикасы 100 мың тұрғынға шаққанда есептелетінін және бұл жерде Павлодар облысының демографиялық құрылымы ерекше рөл атқаратынын атап өтті.

- Павлодар облысы шынымен де аурушаңдық бойынша алда тұр. Бірақ «аурушаңдық» деген ұғымды дұрыс түсіну керек. Бұл — 100 мың адамға шаққандағы жағдайлар саны. Біздің өңірде туу көрсеткіші төмен, халықтың орташа жасы жоғары. Ал Шымкент, Қызылорда секілді өңірлерде отбасында 4–5 баладан бар, олар — миллионер қалалар. Сондықтан ол жақтағы 100 мың адамға шаққандағы көрсеткіштер бізбен салыстырғанда мүлде басқаша қалыптасады, — деп түсіндірді Сергей Борисенко.

Сонымен қатар, оның айтуынша, онкологиялық аурулардың пайда болу жасы барлық өңірлерде шамалас. Қатерлі ісіктен қалай сақтануға болады деген жиі қойылатын сұраққа дәрігер ашық жауап берді.

- Бұл — өте күрделі сұрақ. Шыны керек, дұрыс жауап — басқа әлемде өмір сүру. Стресстен аулақ болу, темекі шекпеу, рафинадталған өнімдерді тұтынбау керек. Бірақ шындыққа қарасақ, мұның бәрін толық орындау көп адам үшін мүмкін емес, — деді ол.

Сергей Борисенконың айтуынша, алдын алу шаралары медицинада баяғыдан белгілі.

- Салауатты өмір салты деген бөлек медицина саласы бар. Мұнда ойлап табатындай ештеңе жоқ. Бірақ бізге келетін пациенттердің ішінде сонымен шын мәнінде айналысатындар өте аз, — деді дәрігер.

Ол тұрғындардың ұйқы режимін, демалысты, дұрыс тамақтануды және қозғалысты сақтауға салғырт қарайтынын айтты.

- Кім ұйқы режимін сақтайды? Кім күніне қанша су ішкенін, қанша қадам жүргенін есептейді? Әр адамның телефонында күніне 10 мың қадам жүру, су ішу туралы еске салғыш бар. Бірақ екі сағат бойы Инстаграмда отыру — қалыпты жағдай, ал сол уақытты серуенге арнау — жоқ, — деп атап өтті ол.

Дәрігер экология мен сыртқы орта секілді адам ықпал ете алмайтын факторлар бар екенін жоққа шығармайды. Алайда тәуекелдердің едәуір бөлігі адамның өзіне байланысты.

- Әсер ете алмайтын факторлар бар. Бірақ адам өзі өзгерте алатын жағдайлар да аз емес, өкінішке қарай, соған мән бермейді. Ал кейін «ауырып қалдым» деп келеді. Бұл — баршаға белгілі қарапайым ақиқаттар, бірақ бәрі оны кейінге ысырып қояды, — деп түйіндеді Сергей Борисенко.

14 ақпанда онкодиспансерде ашық есіктер күні өтеді. Дәрігерлер кез келген адамдарды қабылдауға әзір. Ашық есіктер күні таңғы 9:00-ден түскі 13:00-де дейін жалғасады.