Павлодарлық оқушылар Бангкокта өткен халықаралық олимпиададан жүлдемен оралды
Қазақстан құрама командасы жаратылыстану-ғылыми бағыттағы пәндерден алты қола медалін еншіледі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
1-10 желтоқсан аралығында Таиландтың Бангкок қаласында ХХ жасөспірімдер арасындағы халықаралық жаратылыстану-ғылыми олимпиадасы (IJSO) өтті. Оған әлемнің 55 елінен барлығы 311 оқушы қатысты. Нәтижесінде Қазақстан құрама командасы алты қола медаль жеңіп алды
– Шара үш кезеңнен тұрды: тест, теориялық және эксперементтік кезең. Әр кезеңде қатысушылар физика, химия, биология пәндері бойынша тапсырмаларды орындады, – деді облыстық білім беру басқармасында.
Олимпиада жеңімпаздары қатарында облыстың дарынды балаларға арналған №8 лицей-мектебінің 9-сынып оқушылары Дәрия Бектұрсын мен Иван Рудик. Олар республикалық жалпы білім беретін пәндер бойынша олимпиадасының бірнеше дүркін жеңімпаздары.