Павлодарлық журналистің атына ұйымдастырылған қайырымдылық сыйлықтың иесі анықталды

Павлодарлық журналистің атына ұйымдастырылған қайырымдылық сыйлықтың иесі анықталды

Шара радиожурналист марқұм Гүлайым Тасованың құрметіне ұйымдастырылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодарда «Ертіс медиа» медиахолдингінің ұжымы екінші жыл қатарынан «Жарқын жанның жылуы» қайырымдылық сыйлығын ұйымдастыруда. Биылғы сыйлық - есту қабілеті нашар балаларға арналған №1 арнайы түзету мектеп-интернатының 9-сынып оқушысы, 16 жасар Асхат Тұрсымбаевқа бұйырды. Асхат – көпбалалы отбасының перзенті. Ол өмір жолында кездескен қиындықтарға мойымай, ерік-жігерімен алға қарай сенімді қадам басып келе жатқан жасөспірім. Жеңімпаз облыстық және республикалық деңгейдегі спорт пен шығармашылық жарыстарда жоғары нәтижелерге қол жеткізіп, «Инклюзивті ойындар», «Жұлдызай», Дельфий ойындары мен спартакиадаларға үнемі қатысып келеді. 

«Ертіс медиа» ЖШС-нің директоры Руслан Биляловтың айтуынша, өткен жылы аталмыш сыйлық ым-ишара тілінде ән айтатын Ламина Шегебаеваға берілген болатын. Биыл да медиахолдинг ұжымы қайырымдылық істі жұдырықтай жұмылып, бірлесе ұйымдастырып,  150 мың теңге жинаған. Ол Асхатқа салтанатты түрде табысталды. Бұл сыйлық – тек қаржылық қолдау ғана емес, әр балаға ерекше назар аударып, жан жылулығын сезінуді көздейді.

Осы ретте Асхаттың жаттықтырушысы Александр Таранченкоға жас спортшыны қолдап, дамуына үлес қосқаны үшін алғыс айтамыз.

Ал жарқын үнді әріптесіміз Гүлайым Тасованың ерекше бейнесі мен ол туралы жылы естеліктер әрбір қаламдасының жүрегінде мәңгі қалатыны анық.