Іш пысты: Павлодар облысында есірткі қылмысына қатысы бар жастар көбеюде

Іш пысты: Павлодар облысында есірткі қылмысына қатысы бар жастар көбеюде
Фото: Константин Шелков

Синтетикалық есірткі қолданатын адамның мінез-құлқы мен орташа статистикалық  портреті белігілі болды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Павлодар қаласы есірткі қылмыстылығына қарсы іс-қимыл бөлімі бастығының м.а., полиция подполковнигі Нұржан Байбөрінов мәлім етті.

– Көбінесе 20-30 жастағы жас адамдар ұсталынып жатады, алайда оның ішінде кәмелетке толмаған, не болмаса ересек азаматтар да бар. Олар сотталмаған, жақсы отбасыдан шығуы мүмкін, – деді Нұржан Байбөрінов. – Есірткімен айналысатын жастардың қатары көбейіп барады. Іштері пысып, не істерін білмегендіктен есірткіге салынады. 

Оның сөзінше, жыл басынан бері 190 килограм есірткінің бірнеше түрлері тәркіленді. Оған синтетикалық есірткі, марихуанна, гашиш сынды есірткі түрлері жатады. Былтырғымен салыстырғанда полиция қызметкерлерімен есірткі тәркілеу фактілері үш есе өсті. 

– Бүгінде әлеуметтік желі арқылы синтетикалық есірткі сатылып жүр. Көп нәрсені байқамауымыз да мүмкін. Сайттарды анықтауда ІТ-мамандардың жетіспушілігі де бар екені рас. Облыста осындай білікті, тәжірибелі мамандардың  80%-ға жуығы керек. Әрбір бөлімшеде үш кісіден отырса, жұмыс жеңілдейтін еді, – деді Нұржан Байбөрінов.

Спикердің айтуынша, есірткіге қарсы іс-қимыл нәтижесінде тыйым салынған заттарды сатып, тарататын 50 сайт бұғатталды. Оның ішіндегі ең танымалы – Telegram мессенджер болып саналады. Каналдардың иелері Қазақстанда емес, басқа елдерде отырып жұмыс істеуі де мүмкін, сондықтан да оларды ұстау қиынға соғады. 

– Белгі қою арқылы есірткі таратқаны үшін адамға орташа 10-12 жылға дейін мерзім беріледі. Синтетикалық есірткі қолданған адамдар ұсталған кезде олар мән бермей, жағдайдың түбіне үңілмейді. Ал сотқа дейін келген кезде жылап жіберетін де оқиғалар болады, – деді Нұржан Байбөрінов. 

Ал нарколог Владимир Гарилевтің мәлімдеуінше, есірткі қолданушыны бірнеше сыртқы келбеті және мінез-құлығы бойынша анықтай алуға болады. 

– Синтетикалық есірткі қолданушылардың қарашығы тым үлкейген, не болмаса тым кішірейген болуы мүмкін. Ол өте көп сөйлеп, белсенді жүріп, балағат сөйлей бастайды, – деді облыстық наркологиялық диспансердің медициналық-әлеуметтік оңалту бөлімшесінің меңгерушісі Владимир Гарилев.

Оның сөзінше, айқын белгілерге – шприц, инелер, фольга, түтіктер жатады.