Елордалық ғалым павлодарлықтарға жаңа түркі тілі туралы айтып берді
«Қотым» этносының 1000-ға жуық сөзі табылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Достық үйінде облыс мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының ұйымдастыруымен Түркі тілдес жазбалары күніне орай «Түркі өркениеті: тарих шындығы және бүгінгі көзқарас» тақырыбында облыстық ғылыми-практикалық конференция өтті.
2014 жылы Қазақстан Республикасы Парламентінің шешімімен 18 мамыр «Түркі жазуы күні» деп бекітілген.
Шараның мақсаты – өңірімізде тұратын, мәдениеті, өнері мен тарихы ортақ түркі халықтарын біріктіру. Сонымен қатар түркі тілдес халықтарының мәдени мұрасы туралы ақпараттандыру, тарихтағы түркі жазулары мен мәдениетінің рөлін нығайтуға бағытталған.
– Біздің тіліміздің тарихы жүз жылдық емес, мыңжылдық тарихы болғаннан кейін түркі халықтарымен ана тілімізді ұштастырамыз. Аталмыш жиындағы ғалымдардың зерттеулері тіліміздің ұрпақтан-ұрпаққа жалғасын тауып, маңыздылығын жоймайтынына дәлел бола алады. Түркі халықтарының басын қосып, ынтымақтастығымызды нығайтуға сеп болады - дейді Павлодар облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Медет Тауасхан.
Сондай-ақ, конференцияда Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің, Семей қаласындағы Шәкәрім атындағы университеті мен С. Торайғыров университетінің, Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінің профессорлары баяндама жасады. Бұдан бөлек, шараға зиялы қауым өкілдері, ҚХА этномәдени бірлестіктерінің төрағалары мен өкілдері, облысымызға қарасты қала, аудандардардың өкілдері, Павлодар қаласы мектептерінің тарих, қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімдері қатысты.
– Бүгінгі күн – өзімізді танып, басқаларға да таныту үшін керек айтулы күндердің бірі. Түркі тілдеріне тіркелмеген тіл бар. Ол – Моңғолияда тұратын «Қотым» этносы. Тілдері жойылса да, халық ретінде бар, – дейді Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Жантас Жақып.
Спикердің сөзінше, қазіргі таңда аталмыш ұлыстың саны 11 мыңға жетеді. Ғалым бұл халықты үшінші жыл қатарыннан зерттеп келе жатыр.
– «Қотым» этносынан 1000-ға жуық сөз табылды. Экспедицияда ауызекі сөйлеу тілінде қолданылатын сөздерді теріп жүрміз. Алдағы уақытта толық зерттеу жасағаннан кейін, түркі әдебиетіндегі тілдерге тіркейміз деген ой бар, – дейді филология ғылымдарының докторы Жантас Жақып.
Оның айтуынша, 1883 жылы Орта Азияның табиғатын, этнографиясын зерттеген саяхатшы, географ Г.Н. Потанин Батыс сібірді аралағанда аталмыш тілдің 87 сөзін жазып алады. Кейін 1916 жылы атақты моңғолтанушы Владимир Цовтың зерттеу еңбектерінде де 100-ге жуық сөз кездеседі. Оның ішінде Г.Н. Потанин зерттеулеріндегі сөздер қайталанады.
«Қотым» ұлысының діні – ислам. Алайда олар өздерін «бұсырман» деп атайды. Құраннан «фатиха» сүресі мен «ықылас» сүресін біледі. Намаз оқымайды. Тиындармен бал ашып береді. Халықты «егін егушілер» деп атайды.
Сонымен қатар, конференция барысында түркі тілдес халықтарының мәдени мұрасы, жазба мәдениетінің тарихы, тіл және дүниетанымы тақырыптары кең талқыланды.
– Түркі жазуы, әдебиеті, ұғымы, жалпы танымы қолға алынып жатыр. Іс-шараның Павлодар өңірінде өтуі біз үшін маңызды, – деп атап өтті Торайғыров университетінің профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Серік Елікпай.
Айта кетейік, аталмыш конференция дәстүрлі түрде жыл сайын өткізіледі. Жиын тіл саясатын жүзеге асыруға және өңірдің рухани-мәдени өміріне белсенді қатысуға үлес қосқан тұлғаларды басқарма басшысының алғыс хаттарымен марапаттаумен аяқталды.