ERG қолдауымен «Астана Опера» Павлодарда өнер көрсетті

ERG қолдауымен «Астана Опера» Павлодарда өнер көрсетті
Фото: «Қазақстан алюминийі» АҚ корпоративтік коммуникациялар қызметінен

28 наурыз күні «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрының әртістері павлодарлықтарға жанды музыкаға толы ерекше күн сыйлады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Театр гастрольдері ERG компаниясының қолдауымен өтіп, жоғары өнерді кең аудиторияға жақындатуды көздеді.

«Музыка сурет салады және сыр шертеді» атты концертте кішкентай тыңдармандарға тембр деген не, ансамбльдердің айырмашылығы қандай және опера дауыстарының түрлері туралы түсіндірілді. Бағдарламада Антонио Вивальди, Жак Оффенбах, Лерой Андерсон, Латиф Хамиди, Жаяу Мұса және басқа да композиторлардың туындылары орындалды.

Павлодар алюминий зауытының энергия-электр цехы электр зертханасының бастығы Жасыбай Ахметов концертке отбасымен келді. Жұбайы Мирамен бірге («Қазақстан алюминийі» АҚ-ның контроллинг жөніндегі сарапшысы)  үш қызын және жиенін танымдық музыкалық бағдарламаға қатыстырып, қызықты сәттерге бөледі.

– Бұл біздің «Астана Операға» алғаш келуіміз. Мұндай әндерді тек теледидардан еститінбіз, ал жанды дауыста тыңдау – керемет әсер қалдырды! Барлығымызға қатты ұнады. Кешкі операға да міндетті түрде келеміз, – деді ол.

«ERG Service» ЖШС-нің бастапқы бухгалтерлік құжаттар архивариусы Райхан Ахметбекова концертке ұлын ертіп келді.

– Бұл нағыз сиқыр болды! Музыка жанды әрі әсерлі орындалды, ал әртістердің шынайы өнері баламды баурап әкетті. Оның әсерленгені соншалықты, ұзақ уақыт бойы айтып жүрді. Барлық ата-аналарға опера – балаларды өнер әлемімен таныстырудың тамаша тәсілі екенін айтқым келеді. 

Кешке көрермендерді Дон Паскуале опера-буффасы күтті. Гаэтано Доницетти жазған бұл шығарма – өз айласынан өзі опық жеген сараң бойдақ туралы қызықты оқиға. Бастапқыда үлкен оркестрге арнап жазылған партитура камералық құрамға бейімделіп, музыкалық тереңдігін де сақтаған.

– Жеңіл әзіл мен нәзік интригаға толы «Дон Паскуале» спектаклі үшін алғыс айтамын. Ұлыммен бірге келдім, операға әлі ерте деп ойлаған едім, бірақ ол өзі сұранып, тіпті менен де қатты әсер алып шықты. Операны қызықсыз деп санайтындардың бәріне бір рет барып көруді ұсынамын, – деді Қазақстан электролиз зауытының өндірісті автоматтандыру және байланыс цехы өндірісті техникалық қамтамасыз ету учаскесінің бастығы Рүстем Омаров.

Бүгінде жоғары өнер жүйелі қолдаусыз әлсіреуі мүмкін кезеңде ERG мәдениетке, әсіресе «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрына тұрақты түрде инвестиция салып келеді.