«Отбасы Fest»: Павлодарда жүздеген отбасы ерекше марафонда бас қосты

«Отбасы Fest»:  Павлодарда жүздеген отбасы ерекше марафонда бас қосты
Фото: автор

Бұл елімізде алғаш рет ұйымдастырылып отыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Ertis Promenade алаңында тұңғыш рет «Отбасы Fest» шарасы өтті. Жаңа жоба қазақстандықтарды белсенді өмір салтына тартуға, денсаулықты нығайтуға және жанұялық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған.

Шараның алғашқы бөлігінде отбасылық жүгіру марафоны өтті. Оған 100 команда, яғни 300 адам тіркелді. Әр топта екі ересек пен бір жасөспірім бар. Жарыс барысында жанұя мүшелері қашықтықты бірге еңсеріп, қол ұстасып мәреге жетті. Ең жылдам командалар арнайы жүлделерге ие болса, барлық спортшыға финиш медалі табысталды.

– Бүгін біз павлодарлықтар үшін жаңа жобаны бастап отырмыз. «Отбасы Fest» – жанұямен бірге салауатты өмір салтын ұстануға мүмкіндік беретін ерекше жоба. Павлодар – оның Қазақстандағы алғашқы нүктесі. Алдағы уақытта жобаны еліміздің басқа өңірлерінде де өткізуді көздеп отырмыз, – деді жоба ұйымдастырушысы, «Krida» фитнес-клубының бас директоры Уалихан Тэн.

Алаңда велнес-тесттер өтіп, қала тұрғындары ағзасының тоғыз көрсеткіші бойынша мәлімет алды. Бұдан бөлек, денсаулық тақырыбындағы викториналар, «Дөңгелек фортуна», балалар аймағы және түрлі интерактивтер көпшілік назарына ұсынылды.

– Бұл – бүкіл жанұя қатыса алатын спорттық шара. Мұнда денсаулық, спорт және теңгерімді тамақтану бағыттары қамтылған, – деді «Herbalife» компаниясының тәуелсіз серіктесі Оксана Анатольевна.

Қонақтарға түрлі сыйлықтар, тұрмыстық техника, кәдесыйлар және денсаулық клубтарына сертификаттар табысталды. Балалар арасында сурет байқауы да ұйымдастырылды.

Мерекелік бағдарламада «Самғау» би ұжымы мен «Адал» шоу-балеті өнер көрсетіп, павлодарлық әншілер концерттік бағдарлама ұсынды. Ал кәсіби фитнес жаттықтырушылары көпшілікке таңғы жаттығу жасатты.

Шараға келген Арай Шоқанова спорт пен жанұялық уақытты қатар өткізудің маңызын атап өтті.

– «Отбасы Fest» жанұямен бірге салауатты өмір салтын қалыптастырып, спорт арқылы жақындасуға мүмкіндік береді. Ең бастысы – тәртіп пен тамақтану режимін сақтау, – деді ол.

Павлодар қаласы әкімінің орынбасары Светлана Гладышева да бастаманың ерекшелігіне тоқталды.

– Бүгін Павлодарда анасы, ұлы және қызы бірге жүгіріп жүрген жанұялар бар. Бұл – қала тұрғындарының белсенді әрі мақсатшыл екенін көрсетеді. Баршаңызға сәтті старт, мәреге аман жетуді және ең бастысы – бақыт тілеймін, – деді Светлана Гладышева.

Жарыстың бас төрешісі Константин Николаевич спортшыларға қашықтықты еңсерудің негізгі талаптарын түсіндірді. Оның айтуынша, әр команда мәреге толық яғни үш адамнан бірге жетуі керек.

– Жарыс он командадан кезекпен басталды. Үш адамнан құралған әр топ мәреге бірге келуі тиіс. Бүгін барлығы жеңімпаз, сондықтан барлық спортшы финиш медалімен марапатталады, – деді бас төреші.

Ұйымдастырушылар «Отбасы Fest»-ті жыл сайын өткізуді жоспарлап отыр. Алдағы уақытта жобаны Қазақстанның өзге өңірлеріне шығару көзделген.