Павлодар облысындағы 80-ге жуық жатақханада өрт қауіпсіздігі тексеріледі

Павлодар облысындағы 80-ге жуық жатақханада өрт қауіпсіздігі тексеріледі
Фото: Павлодар облысының төтенше жағдайлар департаменті

Құтқарушылар эвакуациялық жолдар мен өрт сөндіру құралдарының жағдайына назар аударады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, өңірде «Жатақхана» республикалық профилактикалық акциясы басталды. Оның мақсаты – адамдар көп тұратын нысандарда өрттің алдын алу және қауіпсіздік талаптарының сақталуын қамтамасыз ету.

Қазіргі уақытта Павлодар облысында 80-ге жуық жатақхана бар. Профилактикалық жұмыстар кезінде мамандар эвакуациялық жолдар мен шығу есіктерінің жай-күйін, алғашқы өрт сөндіру құралдарының болуы мен жарамдылығын қарайды.

– Жатақхана тұрғындары мен жауапты тұлғаларға өрт қауіпсіздігі қағидалары және төтенше жағдай туындаған кездегі іс-қимыл тәртібі түсіндіріледі, – деп хабарлады ТЖД.

Жылыту кезеңі басталғалы өңірде пешпен жылытуға байланысты жеті өрт және көміртек тотығымен уланудың бір дерегі тіркелген.

ТЖД тұрғындарға электр құрылғыларын қараусыз қалдырмауды, желіге шамадан тыс күш түсірмеуді және тұрмыста өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтауды ескертеді.