Павлодар облысында қаңғыбас жануарлардың көбеюіне не себеп?
Мамандар үй жануарларын қараусыз қалдыратындардың мәселесіне назар аударды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысында көшеде жүрген жануарлардың нақты саны белгісіз.
«Үміт мекені» панасының еріктісі әрі «Үйсіз жануарларға көмек» қоғамдық қорының жетекшісі Александра Старинаның айтуынша, қалада жануарлардың бірыңғай есебі жүргізілмейді. Тек уақытша ұстау пунктіне жеткізілгендері туралы мәлімет бар. Ал көшедегі иттер мен мысықтардың саны күн сайын өзгеретіндіктен, нақты статистика қалыптастыру қиын.
– Жануарлардың көшеге шығуының негізгі себебі – адамдардың жауапсыздығы. Үйіне ит немесе мысық алған адам оны далаға тастамауы керек. Қажетсіз күшіктер мен марғаулардың дүниеге келуіне жол бермеу де маңызды. Меніңше, асыл тұқымды өсіруге арналмаған иттер мен мысықтарды міндетті түрде стерилизациялау туралы талап заңда нақты жазылуы керек, – деді ол.
Еріктінің сөзінше, бұл мәселені шешуде стерилизация маңызды рөл атқарады. Қазір мұндай жұмыстарды волонтерлер мен уақытша ұстау пунктінің мамандары атқарып келеді. Төртаяқтылар ауланып, стерилизация мен вакцинациядан өткізіледі. Кейін табиғи ортаға жіберіледі немесе жаңа иелеріне табысталады.
Алайда аулау кезінде адамға үйренген, әлеуметтік ортаға бейімделген иттер мен мысықтардың ұсталып қалатыны айтылды. Ал адамдардан қашатын, байланысқа түспейтін жабайы жануарлар инфекция тарату қаупіне қарамастан, қолға түспей қалуы мүмкін.
Ұсталған жануарлар Павлодардағы уақытша ұстау пунктіне жеткізіледі. Александра Старина ондағы жағдайдың мінсіз еместігін атап өтті. Оның айтуынша, қыста вольерлер суық, ал жазда іші ыстық болады. Жылы бөлме, карантинге арналған және күшіктерге арналған жеке аймақтар қарастырылмаған. Мысықтарға да арнайы жағдай жасалмаған.

Қазір «Үміт мекенінде» де орын тапшылығы сезіледі. Панада үш ит, алты күшік және 12 мысық ем қабылдап жатыр. Орын болмағандықтан, жаңа жануарларды қабылдау уақытша тоқтатылған. Қараусыз қалғандарды тек еріктілер үйлеріне алып, уақытша қамқорлық көрсетіп отыр.
– Қаңғыбас жануарлардың санын бақылау – ең алдымен мемлекеттің міндеті. Дұрыс заңдар қабылданып, олардың орындалуы қатаң бақыланса, көшедегі жануарлардың санын біртіндеп азайтуға болады, – деді ол.
Еріктілер күн сайын жануарларды құтқарып, емдеп, стерилизациядан өткізіп, жаңа иелеріне орналастырады. Панадан немесе уақытша ұстау пунктінен ит не мысықты кез келген азамат тегін ала алады. Ол үшін белгіленген талаптарды орындау қажет.
Маман тұрғындарға үй жануарларын көшеге тастамауға, жоспарланбаған төлдің дүниеге келуіне жол бермеуге және аулада жүрген қараусыз жануарларды стерилизациялауға кеңес берді.
– Стерилизациядан тиімді процедураны ешкім ойлап тапқан жоқ. Егер аулаңызда қаңғыбас мысық немесе ит пайда болса, ең алдымен оны стерилизациялау керек. Осылайша, тұрғындар жануарларға да, қалаға да көмектесе алады, – деді Александра Старина.
Жануарларға қатыгездік көрсетілгеніне куә болған тұрғындар полицияға арыздануы керек. Мұндай әрекет үшін заңда жауапкершілік қарастырылған.
Сонымен қатар, ерікті жануарларға микрочип орнатудың қауіпті екені туралы пікірдің қате екенін айтты. Оның сөзінше, чип төрттағанға зиян келтірмейді әрі жоғалған үй жануарын анықтауға мүмкіндік береді.