Павлодар облысында қанша тұрғын сақтандыру жүйесінде жоқ?
Ең басты себептердің бірі - медициналық қызмет алудағы ұзын-сонар кезек, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КАҚ-ның облыс бойынша филиалының директоры Жангелді Шаймбетов мәлім етті.
– Өңірде 122 мыңнан астам тұрғын МӘМС жүйесінде сақтандырылмаған. Бұл - жыл басымен салыстырған кезде 10 мың адамға азайды. Міндетті медициналық сақтандыру жүйесіне тартылмаған адамдардың шамамен 75% Павлодар, Екібастұз және Ақсу қалаларында тұрады. Аудандар бойынша Тереңкөл, Павлодар, Шарбақты аудандары көш бастап тұр,– деді Жангелді Шаймбетов.
Оның сөзінше, облыста 404 мыңнан астам тұрғын жеңілдікті санатқа жатады, ал 250 мың адам үшін жұмыс берушілер төлейді.
– Бұрын тұрғындар үшін ақылы түрде ғана қолжетімді болған медициналық қызметтер бүгінде МӘМС қаражаты есебінен қолжетімді болып тұр. Мысалы, қазір сирек кездесетін ауруы бар науқастарды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етеміз. Адамның өмірін сақтап қалу үшін қымбат оталарды да өткіземіз,– деп атап өтті спикер.
Жалпы облыстағы 74 медициналық ұйымда МӘМС жүйесі арқылы тегін қызмет алуға болады. Тұрғындар үшін заманауи жабдықталған құрылғылар бар. Өңірдегі медициналық ұйымдарда 15 компьютерлік томография аппараты және 9 магнитті-резонанстық томограф жұмыс істейді.