Павлодарда «қазақтың Страдивариінің» домбырасы сақтаулы

Павлодарда «қазақтың Страдивариінің» домбырасы сақтаулы
Фото: pixabay.com/WFlore

Ұлу қабыршықтарымен өрнектелген ерекше аспапты халық шебері Қамар Қасымов жасаған, деп хабарлайды @Рavlodarnews.kz. тілшісі

Қамар Қасымов – Баянауыл ауданы Торайғыр ауылының тумасы. Түрлі халықаралық деңгейдегі көрмелерге қатысқан қазақтың тұңғыш қолөнер шебері. Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, ұлттық ою-өрнек, кескіндеме үлгілеріне, олардың қолдану аясына, ұлттық сипатына жаңалықтар енгізген. Құрманғазы атындағы халық аспаптары оркестрі алғаш құрылған 1934 жылы ұлттық аспаптар жасаған шеберлердің бірі. Оның қолынан шыққан алғашқы аспаптар сол оркестр құрамында пайдаланылған.

Бүгінде Потанин атындағы тарихи-өлкетану музейінде халық шебері жасаған ұлттық музыкалық аспаптары тамашалауға болады. Оның ішінде домбыра, жетіген, қылқобыз, шертер, дауылпаз, сазсырнай, шаңқобыз, асатаяқ, шіңкілдек, нарқобыз, дабыл, торсылдақ сияқты қазақтың дәстүрлі саз аспаптары бар. Әсіресе, теңіз ұлудың қабыршағынан домбыра бетіне өрнек салған ерекше тәсілі шебердің қолтаңбасын айқындай түседі.

– Бұл кісінің бір ерекшелігі — теңіздің астындағы ұлудың қабыршағын домбыраның бетіне өрнек ретінде қолданған. Міне, осындай шебердің қолынан шыққан домбыра музейіміздің бір бұрышында тұр. Бұл — тек аспап емес, тұтас бір ұлттың тарихы мен рухын жеткізетін жәдігер, – дейді экскурсия жүргізушісі  Жеңіспек Қадырұлы.

Қамар Қасымов тек Қазақстанда ғана емес, Моңғолияның Баян-Өлгей аймағында да өнер саласында еңбек етіп, қазақтың ұлттық ансамблін құрған. Сол жақта мәдениетке қосқан үлесі үшін «Алтын қадақ» орденімен марапатталған және құрметті азамат атанған. 

Қолөнершінің шығармашылығын зерттеушiлер оның аспаптанушы дәрежесiне жеткендiгiн атап өткен. Бiртуар қолөнер шеберi қазақ ұлт аспабының ұлттық табиғатын, болмыс-бiтiмiн, сырт келебетiн, үн ерекшелiгiн бұзып алмау үшiн iздене жүрiп, аспаптанушы-органолог дәрежесiне дейiн жеткен. Құрманғазы ұлт аспаптар оркестрiнің  жетекшiсi, дирижер Шамғон Қажығалиев 1957 жылы Қытайда концерт көрсеткенде Қытай халқының басшысы Мао Цзе Дунге Қазақстан Үкiметi атынан Қамар Қасымов жасаған қобызды сыйға тартқан.   

Тіпті, оны  «Қазақ музыкалық аспаптарының атасы» деп атаған.  Оның өрнектеп жасаған әсем музыкалық аспаптары бүгінде Мәскеу, Санкт-Петербург, Алматы, Семей мұражайларында сақтаулы. 

Бүгінде Павлодар облысы Кенжекөл ауылындағы мәдениет үйі Қамар Қасымовтың есімімен аталады.

Жансая Мәлік