Павлодарда 32 жастағы әйел адам есірткі заттарын сатты деген күдікке ілінді
Күдікті қамауға алынды, деп хабарлайды @Рavlodarnews.kz.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөлімшесінің қызметкерлерімен тыйым салынған заттардың таралу фактілерінің жолын кесу жұмыстары күшейтілді. Тәртіп сақшылары «Қарасора-2023» жедел алдын алу іс-шарасын өткізу барысында Павлодар қаласында есірткі заттарын сатқан деген күдікпен 32 жастағы жергілікті тұрғынды ұстады.
– Іздестіру іс-шараларын жүргізу кезінде тұрғылықты жері бойынша күдіктіден есірткі заты салынған 124 пакет, қаптау материалы және электрондық таразы тәркіленді. Полиция қызметкерлері операция барысында жалпы салмағы 470 грамм болатын заттарды тәркіледі. Сараптама нәтижелері бойынша алынған ұнтақ синтетикалық препарат екені анықталды, – деді облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Болат Нұрсейітов.
Есірткі құралдарын, психотроптық заттарды, олардың аналогтарын сату немесе өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, сатып алу, сақтау және тасымалдау фактісі бойынша Қазақстан Республикасы ҚК-нің 297-бабы 3-бөлігіне сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде.
2023 жылдың басынан бері есірткінің заңсыз айналымы саласында құқық бұзушылық жасағаны үшін 31 азамат ұсталды, заңсыз айналымнан 123 келіден астам тыйым салынған заттар, оның ішінде: 59 келі героин, 44 келі марихуана, 14 келі гашиш және 4,2 келі синтетикалық есірткі тәркіленді.
ҚР Конституциясының 77-бабы 3-тармағының 1-тармақшасына, ҚР Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 19-бабы 1-бөлігіне сәйкес адам өзінің кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен танылғанға дейін қылмыс жасағаны үшін кінәсіз деп есептеледі.