Павлодарда еріктілерге көмектескен 2-сынып оқушысы марапатталды
Экологиялық бағыттағы № 36 бейіндік мектебінің оқушысы Айзат Таскаринге еріктілер қозғалысына белсенді көмек көрсеткені үшін облыс әкімінің Алғыс хаты мен сыйлығы табыс етілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Сегіз жасар бүлдіршін – мектеп пен қалалық экологиялық акциялар мен макулатура, пластикалық қақпақтар жинау, үйсіз жануарларға көмектесу, мектеп жанындағы көгалдандыру бойынша еріктілер іс-шараларының белсенді қатысушысы. Адамдар мен жануарларға көмек көрсетуге бағытталған бірде-бір акцияны жібермейді және еріктінің мейірімді, шыдамды, жауапты, жанашыр болуы керек екенін түсінеді әрі сондай болуға тырысады. Бұдан басқа, адамдардың көмегіне мұқтаж жануарларды тамақтандырады және бұл іске туыстары мен сыныптастарын шақырады.
– Ерікті болу өте жақсы, мен адамдарға көмектесуді, жануарларға қамқорлық жасауды, табиғатты қорғауды, әртүрлі іс-шараларға қатысуды ұнатамын. Бірінші сыныптан бастап мектептегі сыныптастарыммен бірге волонтерлік қызметпен айналысамын, – дейді Айзат.
Ол әр адам кішкене жақсылық жасаса, айналамыздағы әлем әлдеқайда мейірімді болатынына сенімді.
Мектеп басшысы Рифкат Мұратовтың айтуынша, волонтерлік жас кезінен бастап балада эмпатия мен қатысу сезімін дамытады, гуманистік құндылықтар туралы түсінік пен өзін-өзі бағалауды қалыптастырады. Ерікті айналасына өзінің пайдасын тигізе алады және еңбегі үшін алғыс алады, маңызды жеке қасиеттерін дамытады.
– Бүгінгі таңда еріктілер өмірдің барлық салаларын қамтиды. Мейірімді адамдар жетім балаларға, көп балалы отбасыларға, мүгедектерге, зейнеткерлерге, жануарларға және қолдауды қажет ететін кез келген адамға көмектеседі. Ең бастысы, кез келген адам ерікті бола алады, – дейді Рифкат Рашитович Мұратов.
Бүгінде аталған білім ордасында 800-ден астам 1-11-сынып оқушылары мен 45 педагог волонтерлікпен айналысады. Үкіметтік емес ұйымдармен, еріктілер жасақтарымен белсенді ынтымақтасады, әлеуметтік серіктестер желісін кеңейтеді.
Павлодар қаласының білім беру бөлімінің балалар-жасөспірімдер экология және туризм орталығының, «Жасыл ел» Павлодар штабының акцияларына, жобаларына қатысады. Мектепте оқушылардың өздері тіккен экошопперлерді тарату, макулатура жинау бойынша акциялар өткізіледі, «Жақсылық қақпақтары» акциясына қатысады.
Айта кетерлігі, қараша айында Астана қаласының «Ұлттық волонтерлік желі» халықаралық қауымдастығының бастамасымен волонтерлік бастамалар саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.