Павлодарда оффлайн форматта қазақ тілі курсы басталады

Павлодарда оффлайн форматта қазақ тілі курсы басталады
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Маман қазақ тілін тануға, дұрыс сөйлем құруға, ойды еркін жеткізуге көмектеседі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Жастар бастамаларын дамыту орталығында бір айлық оффлайн қазақ тілі курстары басталады. 

Курс барысында қатысушылар грамматиканың негізгі ережелерін меңгереді, сөздік қорын байытады, дұрыс сөйлем құруды үйренеді, ауызекі сөйлеу тілін дамытады, мәтіндерді тыңдап, түсіну дағдысын жетілдіреді.

– Бір айлық қазақ тілі курсы тілді үйренуді енді бастаушыларға арналған. Күнделікті қарым-қатынаста жиі қолданылатын сөздер мен тіркестерді үйретемін. Сонымен қатар қарапайым грамматикалық ережелерді түсіндіріп, сөйлеу дағдыңызды дамытуға бағыт беремін, – деді креативті жастармен жұмыс жөніндегі орталықтың инспекторы Әйгерім Қанжалина.

Сабақ аптасына екі рет өтеді. Курсқа 14 пен 35 жас аралығындағы кез-келген адам қатыса алады. Курсқа жазылу барысында, қатысушыларға арнайы сұрақтар жіберіледі. 

– Бұл сұрақтарға жауап беру арқылы, курс соңында олар қандай мақсатқа жеткісі келетіні белгілі болады. Әрі сол бойынша мүмкіндігінше әр адамға жеке көмек беруге тырысамыз, – деді Әйгерім Қанжалина.

Алғашқы сабақ 26 қыркүйек күні сағат 17:00-де Ломов көшесі, 38 мекенжайында өтеді.