Павлодарлық педагог «Құрмет» орденімен марапатталды

Павлодарлық педагог «Құрмет» орденімен марапатталды
Фото: Оксана Колдашеваның жеке мұрағатынан

Ол білім беру саласында 30 жылдан астам еңбек етіп келеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградаларымен марапаттау туралы Жарлыққа қол қойып, білім беру саласында үздік жетістіктерге жеткен ұстаздарға жоғары марапаттарды табыстады. Солардың қатарында 30 жылдан астам уақытын ұстаздыққа арнаған, оның ішінде 20 жылдан бері № 8 мектеп-лицейінде еңбек етіп келе жатқан тәжірибелі педагог Оксана Колдашева бар.

– Мемлекет басшысының қолынан орден алу – үлкен мәртебе, – дейді ол. – Бұл марапат  – ең алдымен менің оқушыларымның, әріптестерімнің және ата-анамның ортақ еңбегінің нәтижесі. Лицейіміз – біртұтас команда және басшылықтың әрдайым қолдау көрсететініне шын жүректен ризамын.

Оның айтуынша, «Құрмет» ордені – педагог еңбегінің ең жоғары бағасы.

– Мұғалім болу – тек сабақ өткізу емес, күнделікті дайындық, әр оқушыға жеке көзқарас, үздіксіз бақылау мен пысықтауды қажет ететін ауқымды еңбек. Бұл награда – әрі мәртебе, әрі үлкен жауапкершілік, – деп бөлісті ұстаз.

Оксана Колдашева өз жетістігінде тоқтап қалмай, алда жаңа мақсаттар мен міндеттерді еңсеруге ниетті. Оның айтуынша, бұл марапат – жаңа белестерге жол ашатын бастау.

Ұстаздың шәкірттері де халықаралық деңгейде жоғары жетістіктерге жетіп жүр. 2024 жылғы түлегі Ринат Ілусізов 2023 жылы Швейцарияның Цюрих қаласында өткен Халықаралық химия олимпиадасында (IChO) күміс, 2024 жылы Абу-Дабиде алтын медаль жеңіп алды. Сол жылы ол Менделеев олимпиадасының да алтын жүлдегері атанды. 2025 жылы Ринат IChO халықаралық олимпиадасында (Дубай, БАӘ) Қазақстан құрамасының менторы және тәлімгері болды. Ал биыл 11-сынып оқушысы Ярослава Кравчук Менделеев олимпиадасында қола медаль иеленді.

Осындай шәкірт тәрбиелеген педагогтың еңбегі – ел игілігіне қосылған өлшеусіз үлес.