Павлодарлық тұрғын боранда адамдарға көмектескені үшін марапатталды
Ақсу – Павлодар тас жолында қатты боран кезінде жүргізушілерге көмек көрсеткен әйелге Алғыс хат табысталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық төтенше жағдайлар департаментінде төтенше жағдайда азаматтық жауапкершілік танытқан өңір тұрғынын марапаттау рәсімі өтті.
Департамент бастығы Рустамбек Әмірин «Ақсу–Павлодар» автожолында қатты боран кезінде адамдарға көрсеткен көмегі мен жанашырлығы үшін Мария Бедринаға Алғыс хат пен естелік сыйлық табыс етті.
Ведомствода атап өткендей, наурыз айында ауа райының күрт нашарлап, көріну шегінің төмендеуіне байланысты жолда қиын жағдай қалыптасқан. Осындай сәтте Мария Бедрина қар басқан трасса бойымен жаяу шамамен төрт шақырым жүріп өтіп, жүргізушілерге қар құрсауынан шығуға көмектескен және автоколоннаның қозғалысын бағыттаған. Оның бұл әрекеті батылдық пен жоғары азаматтық жауапкершіліктің үлгісі ретінде бағаланды.