Павлодарлық университет жаңа зияткерлік мектеп ашпақ
Университет бұл жобаны Екібастұз қаласының білім бөлімімен бірлесіп жасамақ, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінің басқарма төрағасы, ректор Жанбол Жылбаев бастаған университет делегациясы Екібастұз қаласына барып, «Қайнар» білім беру орталығында қалалық білім беру бөлімінің және жергілікті мектеп басшыларымен кездесті.
Марғұлан университетінің Екібастұз қаласындағы күні «Parasat» зияткерлік мектебін ашу жөнінде меморандумға қол қою рәсімімен басталды. Білім беру саласын дамытуға, сапалы педагог кадрларын даярлау жұмысын бірлесіп жүргізуге бағытталған маңызды құжатқа Марғұлан университетінің ректоры Жанбол Жылбаев пен қалалық білім бер беру бөлімінің басшысы Лаура Дисюпова қол қойды.
– Өңіріміздегі жалғыз педагогикалық жоғары оқу орыны, тарихы терең ұстаздар ордасы-Марғұлан университетімен серіктес болу біз үшін үлкен мәртебе. Себебі жас ұрпақты тәрбиелеп, оларға сапалы білім беретін ұстаздарды сіздер даярлайсыздар. Ал біздің қызметіміздің басты мақсаты- Тәуелсіз еліміздің жарқын болашағы болып табылатын жастарды тәрбиелеу. Осы жолда сіздермен бірлесіп жұмыс жүргізіп, қаламыздың білім беру саласын көтереміз деп үміттенеміз, – дейді Лаура Аманқызы.
Университет басшысы Жанбол Жылбаев оқу орынның ғылыми және академиялық бағытта атқарып жатқан жұмыстары мен жетістіктері туралы ақпарат берді.
– Биыл біз үшін ерекше жыл, себебі академик Әлкей Марғұланның туғанына 120 жыл толды. 2015-2016 жылдары жаңарту реформасы басталғанда біз Назарбаев зияткерлік мектебінің тәжірибесін енгіздік. 2018-2019 жылдары Назарбаев университетінің тәжірибесін қабылдадық. Бүгінде орта мектептермен де әріптестік байланыс нығайған, – дейді Жанбол Октябрьұлы.
Кездесу барысында кезінде Марғұлан университетінде білім алып, бүгінде педагогика саласында табысты еңбек етіп жатқан түлектер марапатталды.