Ресей азаматтары павлодарлық полицейлерге алғыс білдірді

Ресей азаматтары павлодарлық полицейлерге алғыс білдірді
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Олар шетелдіктердің сынып қалған көліктерін жөндеуге көмектесіп, шекараға дейін шығарып салған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, көрші мемлекеттің азаматтарынан патрульдік полиция ротасының қызметкерлері майор Тілеген Сыздықов пен капитан Сүйіндік Рахметовке алғыс түскен. 

Ресейліктер Теміртаудан шығып, Омбы қаласына бет алған. Қалқаман кенті мен Павлодар қаласы арасындағы автожолда автокөліктері сынып қалған.

– Біз абдырап, не істерімізді білмей қалдық. Сол мезетте полиция қызметкерлері көмекке келді. Көлікті сүйреп, жақын жердегі техникалық қызмет көрсету станциясына жеткізді. Көлікті жөндейтін шебермен сөйлесіп, оңдатып берді. Содан кейін шекараға дейін ілесіп алып жүрді. Полицейлер өте мейірімді қызметкерлер екен. Жағдайды зерттеп, мәселені шешуге көмектесті. Мен оларға өте ризамын, – деп жазады Олеся Десятова.

Тәртіп сақшылары бұл олардың күнделікті жұмысы және осындай жағдайға тап болған азаматтарға көмектесу азаматтық парыз деп санайды.