Жарылғыш зат: Павлодарлық ата-ана баласының әзілі үшін жазаланды
10 жастағы оқушы Астана қаласындағы сауда үйінің бірінде теракт болады деп жалған хабар таратқан, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Астана полициясына әлеуметтік желілердің мониторингі барысында «WhatsApp» мессенджері арқылы күдікті бір хабарламаны тапқан. Бұл хабарламада «Сәлеметсіз бе! Мәскеудегі Крокус-Сити холлдағы теракт туралы естідіңіз бе? Сізге Керуенде теракт жасау үшін бір миллион теңге ұсынамын. Біз сізге серіктестер мен жарылғыш зат береміз. Сізді алып кетуге біздің адам келеді. Егер осыдан бас тартсаңыз, біз сізге келеміз, қайда тұратыныңызды білеміз» деп жазылған.
Іздестіру нәтижесінде тәртіп сақшылары әпкесін мазақ етуге бел буған 10 жастағы оқушыны анықтады. Оның әрекеті бойынша ҚР ҚК 273-бабы «Терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлама» қылмыстық жауапкершілік көзделген. Алайда, 2013 жылы туған кәмелетке толмаған бала қылмыстық жауапкершілікке тарту жасына жеткен жоқ.
– Баланың қылмыстық, не әкімшілік құқық бұзушылық белгілері бар қасақана әрекет жасағанын ескере отырып, оның заңды өкілі кәмелетке толмағанды тәрбиелеу және білім беру, оның құқықтары мен мүдделерін қорғау жөніндегі міндеттерді орындамағаны үшін жазаланады, – дейді департаментте.
Материалдар сотта қаралып, баланың заңды өкілдеріне 20 АЕК көлемінде айыппұл салынды.
Полиция дайындалып жатқан терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабар – 5000 АЕК-ке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарымен, немесе 5 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге және бас бостандығынан айыруға жазаланатынын еске салады.