Павлодарлық музыкант халықаралық байқауда үздіктер қатарына енді
Ол труба аспабында ойнап, жүлделі үшінші орынға ие болды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Новосібір қаласында «Сібір музыкалық ассамблеялары» үрмелі және ұрмалы аспаптарда жас орындаушылардың VIII халықаралық байқауының қорытындысы шығарылды. Павлодар облысының намысын музыкалық колледжінің «Үрмелі және ұрмалы аспаптар» бөлімінің бірінші курс студенті Түрегелді Жасұлан қорғап, труба сыныбы бойынша үшінші орын алды.
– Мен бала кезімнен бастап байқауларға қатысып жүрмін. Әрдайым алаңдаушылық болады, өйткені шет ел сахналарында өнер көрсеткенде бірінші кезекте өз елімнің намысын және Павлодар облысының дайындық деңгейін қорғаймын. Бұл –үлкен жауапкершілік, ал жеңіс – әрқашан мақтаныш, – деп бөлісті Түрегелді Жасұлан.
Аталмыш байқау үш жылда бір рет: флейта, гобой, кларнет, фагот, саксофон, труба, валторна, тромбон, бас-тромбон, туба, ұрмалы аспаптар мамандықтары бойынша кіші, орта және үлкен – үш жас тобы бойынша өткізіледі.
Байқаудың мақсаты – мәдениет және өнер саласындағы талантты жастарды анықтауға және қолдауға, жоба көрермендерін ресейлік және халықаралық музыкалық мәдениетпен таныстыруға бағытталған.