Әйелім телефонын алмайды: Павлодарлықтар 109-ға қандай сұрақпен жүгінеді?
Биыл 109 бірыңғай байланыс орталығына жүз мыңнан астам өтініш түскен, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Аймақ тұрғындарының өтініштерін тәулік бойы үздіксіз қабылдайтын 109 қызметі 2020 жылдан бері жұмыс істейді.
Орталық басшысы Абзал Қабдраш 2024 жылдың 12 айында 109-ББО операторлары 107 421 өтініш қабылдап, барлығы орындалғанын атап өтті. Ал 2023 жылы 93 114 өтініш қабылданған.
– Ең көп өтініш маусым айында тіркелді – 13 296, ең аз өтініш ақпан айында – 6 097. Бұл ретте, ең көп өтініштер облыс орталығының тұрғындарынан түседі, Павлодар қаласына 90 пайыздан астамы тиесілі. Май ауданы бойынша өтініш саны аз тіркелген, – дейді Абзал Қабдраш.
Оның айтуынша, облыс тұрғындары жиі жүгінетін сұрақтар қатарында коммуналдық мәселелер қалуда. Одан кейінгі орындарда кеңес беру сипатындағы мәселелер және денсаулық сақтау мәселелері тұр. Мәселен, 2024 жылы сумен жабдықтау бойынша 21 мыңнан астам өтініш тіркелсе, 2023 жылы 18 мың болған. Ал, электрмен жабдықтау мәселесіне қатысты өткен жылы 21208, 2023 жылы 13959 түрлі деңгейдегі арыз шағымдар қабылданған.
– 109 қызметіне түскен өтініштердің орындалуы қадағаланады. Келіп түскен өтініштерді оператор категорияларға бөліп, бекіткеннен кейін жауапты мекемеге жолдайды. Жауапты орган егер бір тәуліктің ішінде біздің жүйеде жауап бермейтін болса, операторлар бірден телефон арқылы олармен байланысқа шығады. Мәселенің шешілуін аяғына дейін қадағалап, өтініш берушімен кері байланысқа шығамыз, – дейді орталық басшысы.
109 қызметінің жаңашылдығына Telegram-бот жатады. Атап айтқанда, нақты геолокациямен өтініштер беру мүмкіндігі, статус жаңартуларын бақылау және мессенджер арқылы ақпарат алу мүмкін.
Қазіргі уақытта орталық қызметкерлері әлеуметтік желілерде «Ең қызықты сұрақтар» деген айдарды жүргізуде. Онда әртүрлі сауалдар тіркеледі.
– Өткенде ер азамат қоңырау шалып, «әйелім телефонын алмайды, маған хабарлассын деп айтыңыз» деген өтініш білдірді. Оның алдында егде жастағы адам күн сайын уақыт пен аптаны, ай мен жылды сұрайтын. Сондай-ақ такси шақырып беріңіздерші деген өтініштер де болып тұрады, – дейді Абзал Қабдраш.
Бұдан бөлек, 109 бірыңғай байланыс орталығы көшбасшылар рейтингінің модулі, яғни қалалар мен аудандар әкімдерінің, облыстық басқарма басшыларының рейтингін өтініштерді өңдеу уақыты мен шешімдердің сапасы негізінде автоматты түрде есептейтін болған.
Оған қоса, денсаулық сақтау саласында DAMUMED жүйесімен интеграция жасап, медициналық өтініштерді жедел өңдеу және есепке алу үшін деректерді синхрондау жүргізіледі.