DALA INK: павлодарлық тату-шебер Орталық Азия елдері бойынша турға аттанады

DALA INK: павлодарлық тату-шебер Орталық Азия елдері бойынша турға аттанады
Фото Әділ Шаймұраттың жеке мұрағатынан

Әділ Шаймұраттың авторлық тату-туры Қазақстанның тоғыз қаласы мен жақын шетел шаһарларын қамтымақ, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Әділ – түркі оюлары стилінде жұмыс істейтін тату-суретші.

Шебер @Pavlodarnews.kz тілшісіне берген эксклюзивті сұхбатында Орталық Азияның визуалды мәдениетін жұртшылыққа танытуды армандайтынын жеткізді. 

Ол Қазақстанда және Еуропаның түрлі қалаларында жұмыс істей жүріп, өзіне тән қайталанбас стилімен әлемдік тату өнерінің жанкүйерлерін қызықтыра білді.

Сәуір–мамыр айларында шебер Алматы, Бішкек, Ташкент, Шымкент, Ақтау, Қарағанды, Астана, Өскемен қалаларына барып, турды Павлодарда аяқтайды.

– Тур идеясы кездейсоқ пайда болды. Бір тату шебері мені Қарағандыға шақырған кезде өнердің бұл бағыты Алматы мен Астанада жақсы дамығанын, ал өзге өңірлерде кенжелеп қалғаны туралы айтты. Осыдан кейін сол қалаларды аралауды мақсат еттік. Біз өзге өңірлердің бағаланбай жүрген сұлулығын көрсетуге ниеттендік, – дейді шебер.

Сапар барысында DALA INK командасы фото және бейнетүсірілім жүргізеді. Олар жұмыс барысын, тұтынушылардың тарихын, заманауи өнер мамандарының пікірін, қалалардың атмосферасын және Орталық Азияның табиғатын түсірмек. Нәтижесінде роуд-муви форматындағы деректі фильм әзірленіп, тату өнері мен оның аймақ мәдениеті зерттеледі.

– Фильм тек тату индустриясы жайлы емес, өңірлердің сұлулығы мен мәселелерін де қамтиды. Біз Қазақстанның Солтүстік, Оңтүстік, Шығыс, Батыс және Орталық өңірлерінен бір-бір қаладан таңдадық. Бішкек пен Ташкентті де қостық. Көрші елде тату индустриясы қалай дамып жатқанын көру қызық болды, – дейді Әділ.

Суретшінің айтуынша, тату өнері Орталық Азияның заманауи өнері мен визуалды мәдениетінің бөлігі бола алатынын дәлелдеу маңызды.

– Маған анатомиямен жұмыс істеу ұнайды. Біздің ою-өрнектеріміз тату өнерінде ерекше мәнге ие. Қазақтың ұлттық нақыштары әрдайым стильді, әрі сәнді бола бермек. Олар көшпенділердің мәдениеті мен болмысын бейнелейді. Заманауи өнерде этникалық мотивтерге әрқашан орын бар, – дейді шебер.

Әділдің айтуынша, тату өнері туризмнің дамуына да оң әсерін тигізуі мүмкін. Шетелдіктер Қазақстандағы тату-шеберлердің өнеріне тәнті. Әсіресе, өрнектердің маңызы жайлы қызыға сұрайды. Сонымен қатар, ою-өрнектер арқылы олар елдің мәдениеті мен сұлулығымен танысады. 

Десе де, шебер тату тақырыбы әрқашан пікірталас тудыратынын мойындайды.

– Көбінде қайшылықтар діни көзқарастар мен стереотиптерге байланысты болады. Бұл қалыпты жағдай деп ойлаймын. Бірақ көзқарастың жақсы жаққа өзгеріп жатқаны қуантады. Тату өнерінің шығармашылық қырын, оның заманауи өнер мен музейлердегі орнын көрсеткім келеді, – дейді Әділ.

Турдың ерекше орны – Павлодар яғни соңғы аялдама. Шебер бұрыннан сурет салуды жақсы көріп, өмірін шығармашылықпен байланыстырғысы келгенін айтты.

– Тату өнеріне 2018 жылы келдім және оны елімізде дамытуға бел будым. Кішкентай қалаларда даму жоқ деген пікірмен келіспеймін. Егер біз сонда қалып, жұмыс істесек, даму болады. Бұл тақырыпты фильмде қамтығымыз келеді. Дәл қазір нақты сценарий жоқ, себебі тур барысында не болатынын, кім қандай пікір айтатынын алдын ала білмейміз. Бірақ жобаның қаңқасы бар. Тату индустриясын тек астаналарда емес, басқа қалаларда да көрсетіп, оның мәдениетіміздегі, тарихымыздағы және заманауи өнердегі орнын ашқымыз келеді, – дейді шебер.

Әділдің айтуынша, қазақ оюлары да кейде пікірталас тудырады. Десе де, бұл нақыш өнерді басқа форматта көрсетуге мүмкіндік береді.

Алда DALA INK-ті үлкен турне, фильм жұмысы және туған қаладағы кездесулер күтіп тұр. Шебер аталмыш жоба музейлердің назарын аударып, Орталық Азия мәдениеті мен туризмінің дамуына жаңа мүмкіндік беретініне сенеді.  

Өнер турының атауы да терең мәнге ие: 

DALA – дала, Ink – сия. Шебердің пайымынша, бұл Қазақстан мен жаһанды байланыстыратын алтын көпірге айналуы тиіс.