Павлодарда қазақ тілін орыс тілді аудиторияда оқытудағы қиындықтар талқыланды
Кездесуде қазақ тілін дамытудағы жаңа заманауи әдістер түсіндірілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
М.Катаев атындағы оқушылар сарайында «Қазақ тілін дамыту: заманауи әдістеме және жаңа мүмкіндіктер» атты облыстық мұғалімдер форумы өтті.
Кездесуге Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы облыстық филиалының төрағасы Асылбек Туғанбай, облыс әкімінің орынбасары Айгүл Мәлікова, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының вице-президенті Шерубай Құрманбайұлы, Назарбаев зияткерлік мектебіндегі білім беру ұйымы, білім беру бағдарламалары орталығының қызметкерлері, академик ғалымдар және өңіріміздегі ұстаздар қатысты.
– Облыста алғашқы рет ұйымдастырылып жатқан кездесуде қазақ тілінің қолдану аясын кеңейту, тілді дамытуды басты мақсатқа қойып отырмыз. Қазақ тілін дамытудағы заманауи жаңа әдістерді қолдану туралы айтылатын болады, – деді Асылбек Туғанбай.
Шерубай Құрманбайұлы «Қазақ тілін оқытудағы мәселелер» тақырбында сөз сөйлеп, қоғамдағы қазақ тілінің алатын орны мен мәселесіне тоқталды.
– Қазақ тілі мұғалімі «қазақ тілінің оқытылуының сапасы өз деңгейінде емес, балалар мектепте оқып, университетке оқуға түссе де қазақ тілінде өз аты-жөнін жаза алмайды» дегенді естіген кездеріміз болды. Осы жерде кінәні ұстазға, оқулыққа, әдістемеге артып жататыны шындық. Ондай кемшіліктің бар екенін де мойындаймыз. Осыған қарай отырып, ұстаз өз пәнін оқытқанда оның әдістемесін, тәжиірбесін білу, оқушының психолгиясын түсіну маңызды екенін байқауға болады, – деді вице-президент.
Сонымен қоса, ол қазақ тілін орыс мектептерінде, жоғары және арнаулы оқу орындарының орыстілді бөлімдерінде оқыту кезінде кездесетін қиындықтарын да түсіндере келе, оқулықтар мен әдістемелердің жеткіліксіздігі, оқытушылардың кәсіптік деңгейінің талапқа сай еместігі туралы мәселелерді көтерді.
– Тілдік ақуал Қазақстанның әр өңірінде әр қалай байқалады. Ұзақ уақыт қолданыста, арнайы техника, ғылым және білім беру саласында қолданылмаған тіл бірден ауысып кету қиындығы бар, – деді Шерубай Құрманбайұлы. – Қазіргі кездегі Ертіс өңіріндегі тіл мәселесін айтатын болсақ, педагог айналасында болып жатқандарды сезіне отырып, әрекет жасау керек. Ата-анасының отбасыдағы тіл қолданысының ықпалы тіл үйренуге өте маңызды. Сол себепті ұстаздар оқушылардың қазақ тілін үйренуге қызығушылығын арттырып, сапалы білім беруге тырысып, қоғамда және отбасында қазақ тілінің жалпылай қолдануына әсер ете білу керек.
Форум соңында Ертіс-Баян өңірінде қазақ тілінің дамуына қосқан үлесі, мемлекеттік тілді оқытудағы айрықша жетістіктері, сондай-ақ ұлттық құндылықтарды насихаттаудағы белсенді еңбегі, ел болашағы, өскелең ұрпақты тәрбиелеу жолындағы адалдығы үшін 20 мұғалім Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы президентінің Алғыс хатын алды.