Павлодарда табылған неоген дәуірінде өмір сүрген жыртқыш махайрод туралы не білеміз?

Ол Ертіс өңірінің экожүйесінде басты жыртқыш болған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
1928-1930 жылдары ғалым Юрий Орлов жүргізген археологиялық қазба жұмыстары кезінде неоген дәуірінің көптеген жануарларының сүйектері табылған. Атап айтқанда: үш тұяқты жылқы – гиппарион, мүйізтұмсық – хилотерий, жираф, бұғы, қасқыр, піл – трогонтерий және қылыш тісті махайрод.
Махайрод 1928 жылы Павлодар облысының «Қазқонақ» деген жерінен табылған. Ол – жыртқыш мысықтардың бір түрі. Оның салмағы 220 келіге дейін жеткен. Атауын ежелгі гректердің «махайра» деп аталатын иілген қылышына ұқсас ұзын азуларынан алған. Жануар неоген дәуірінде өмір сүріп, Ертіс өңірінің экожүйесінде басты жыртқыш болған. Ұзындығы 10–20 см аралығында екі тісі болған.
– Бұл жыртқыштар 13 миллион жылдан екі миллион жыл бұрын Павлодарда өмір сүріп, сол кезеңдегі экожүйенің шыңында тұрған, – деді Потанин атындағы музейдің экскурсия жүргізушісі Айсауле Нағашыбай.
Махайродтар ірі жануарлармен қоректенген.Олар: жирафтар, мастодонттар, мүйізтұмсықтар. Жануардың қуатты алдыңғы аяқтары мен өткір азу тістері олжасын ұстап тұрып, жойқын соққы жасауға бейімделген.
Махайродтың жойылуына климаттың өзгеруі, азық қорының азаюы және басқа жыртқыштармен бәсекелестік себеп болған. Қазір бұл жыртқыштың табылған қаңқасы – Ертіс өңірінің табиғи-тарихи мұрасын зерттеуге баға жетпес дереккөз.