Павлодарлық депутаттар ағаш кесу ісін бақылауға алды

Павлодарлық депутаттар ағаш кесу ісін бақылауға алды
Фото: pixabay

Осы бағыт аясында Тереңкөл мен Железин аудандарында көшпелі мониторинг ұйымдастырылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Іс-шара «AMANAT» партиясы облыстық филиалы жанындағы Экология мәселелері жөніндегі өңірлік кеңестің жұмысындағы басым бағыттардың бірі – қоршаған ортаны қорғау және табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану. Тексеру барысында орман алқаптары мен жасыл желек кесілген аумақтар араланып, ағаштардың не себепті және қандай негізде шабылғаны қаралды.

Жобаға өңірлік экологиялық кеңестің төрағасы Раушан Даумова, облыстық мәслихат депутаттары Гүлмира Нұрханова, Николай Дычко, Александр Толмачев, Саят Елдонгенов, Ирина Чидунчи мен Виталий Голубенко, сондай-ақ табиғатты қорғау саласындағы жауапты мемлекеттік орган өкілдері қатысты. Атап айтқанда, облыстық жер қойнауын пайдалану, су ресурстары және қоршаған ортаны қорғау басқармасының басшысы Сағын Төлеутаев пен жануарлар дүниесін қорғау мекемесінің басшысы Қуандық Байболов орман шаруашылығындағы жағдаймен танысты.

Мониторинг нәтижесінде облыстық мәслихаттың экология және қоршаған ортаны қорғау мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының кеңейтілген отырысы өтті. 

– Онда ағаш кесуге қатысты жаңа алгоритм әзірлеу туралы шешім қабылданды. Енді бұл жұмыс нақты регламентке сүйеніп, қоғам үшін ашық әрі қолжетімді болады, – деді кеңес мүшелері.

Бұл бағыттағы жұмыс алдағы уақытта да жалғасын тауып, оған сарапшылар, азаматтық сектор мен экологиялық ұйым өкілдері тартылады.