Павлодарлықтарды ауызсуының ластану қаупі жайлы ескертті
Су тасқыны маусымында судың микробтық ластану қаупі артады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, ауызсу сапасының нашарлауы химиялық, органикалық және биологиялық ластаушы заттардың сумен жабдықтау көзіне еріген сумен түсуіне байланысты мүмкін.
– Қар еру кезеңінде көптеген қоқыс пен ластанған сулар өзендердің және басқа да су қоймаларының суына түседі. Бұл әсіресе қоқыс үйінділері, мұнай базалары, қоймалар немесе химиялық және пестицидтер шығаратын кәсіпорындар ауыз сумен қамтамасыз ету көзіне жақын жерде орналасса қауіпті, – делінген хабарламада.
Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің аумақтық басқармалары 1 сәуірден бастап облыстың ауыз сумен жабдықтау объектілеріне кезектен тыс мониторинг жүргізеді. Сәуір айының бірінші онкүндігінде ауыз сумен жабдықтау объектілеріндегі барлық бақылау пункттерін мониторингпен қамту жоспарлануда.
– Су тасқыны кезеңінің басынан бастап ауыз сумен жабдықтау объектілерінен 316 су сынамасы микробиологиялық және санитарлық-химиялық көрсеткіштері бойынша зерттелді, су құбырларынан темірдің құрамы, қаттылығы және құрғақ қалдығы бойынша гигиеналық нормативтерге сәйкес келмейтін су сынамалары Ақтоғай, Ертіс аудандарында, Аққулы ауданында, Ақсу және Екібастұз ауылдық аймақтарында анықталды. Баянауыл, Май, Ертіс аудандарында және Тереңкөл ауданында микробиологиялық көрсеткіштер бойынша(жалпы микроб саны) сәйкес келмейтін сынамалар анықталды, – дейді баспасөз қызметі.
Аумақтық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармалары пайдаланушы ұйымдар мен жергілікті атқарушы органдармен халыққа жеткізілетін ауыз судың сапасын сәйкестендіру қажеттілігі туралы хаттар жолданды, сондай-ақ сумен жабдықтау объектілерінде өндірістік бақылау жүзеге асырылды.
3 сәуірдегі жағдай бойынша облыстағы сумен жабдықтау объектілері штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Сумен жабдықтау объектілерін, вакциналарды сақтау қоймаларын, зираттарды, септиктерді, мал қорымдарын су басу фактілері жоқ.
Ішек инфекцияларының, «А» гепатитінің, іш сүзегінің және басқа да жұқпалы аурулардың алдын алу мақсатында мамандар тұрғындармен жеке гигиенаны сақтау, сумен қамтамасыз етудің кепілдік берілген көздерінен ауыз суды ішу және тамақ дайындау үшін пайдалану, қайнатылған немесе бөтелкедегі суды пайдалану туралы әңгімелер жүргізеді.