«Ауыл – ел бесігі»: Тереңкөл ауданында ауыл клубы салынып, жол жөнделуде
Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов Тереңкөл ауданына жұмыс сапары барысында Қызылтаң ауылында бой көтеріп жатқан мәдени-сауық орталығының жұмысымен танысты, деп хабарлайды Рavlodarnews.kz.
Нысан «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында бой көтеруде. Құрылыс 2023 жылдың сәуір айында басталған, қыркүйек айында қолданысқа енгізу жоспарланып отыр. Жобаның құны – 152,9 млн теңге. Мердігер ұйым – «Мұнайқұрылыс» көпбейінді құрылыс фирмасы ЖШС. Кірпіштен салынған орталықтың аумағы 60 шаршы метрді құрайды. Қазандық электрмен жұмыс істейді.
Облыс әкімі Асайын Байханов жылу мәселесіне ерекше мән беруді және құрылыс қарқынын жылдамдатуды тапсырды.
– Электр жүйелері тозған. Бұған қоса, жел болып, электр қуаты үзілуі мүмкін. Резерв көзін қарастыру керек. Бұл жерде бірталай мердігерлер өдерінің лицензияларынан айырылған. Сондықтан ренжімеңіздер. Бірінші кезекте сапаға назар аударыңыздар, – деді аймақ басшысы.
Сонымен қатар, Қызылтаң ауылында аталған бағдарлама бойынша кентішілік жолдарды орташа жөндеу жүргізіледі. Жалпы ұзындығы – 3,2 шақырым. Мердігер «ИНЭК Қазақстан» ЖШС жазда жұмысқа кірісуді жоспарлап отыр.
Ауыл тұрғындары облыс басшылығына қолдау көрсеткені үшін алғыс білдірді.
Сонымен қатар, биылғы жылы Фрументьевка ауылына баратын ұзындығы 3,8 шақырым болатын кірме жол жөнделеді. «ПКФ Гордострой» ЖШС маусым айында жұмысқа кіріседі.
Айта кетерлігі, Қызылтаң ауылында 358 тұрғын бар.