Баянауылда Қазақстанның құрметті журналисіне мемориалдық тақта орнатылды

Баянауылда Қазақстанның құрметті журналисіне мемориалдық тақта орнатылды
Фото: "Баянтау" газетінен

Шакрат Шалбаев «Баянтау» газетінде 55 жыл еңбек еткен белгілі қаламгер, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Бүгін Баянауыл ауданында белгілі қаламгер, КСРО және Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қазақстанның құрметті журналисі, Баянауыл ауданының құрметті азаматы Шакрат Дәулетжанұлы Шалбаевқа арналған мемориалдық тақтаның салтанатты ашылуы болды.

Шараға Баянауыл ауданы әкімінің міндетін атқарушы Еркін Арыстанбеков, Павлодар облысы және Баянауыл, Ертіс аудандарының құрметті азаматы Қорабай Шәкірұлы, Қазақстан Журналистер одағының Павлодар облыстық филиалының төрағасы Болат Аманбай, қаламгердің ұрпағы Нұрслан Шакратұлы Шалбаев Шакрат Дәулетжанұлы туралы естеліктерімен бөлісті.

Ал «Баянтау» газетінің басшысы Айдана Айтуғанның айтуынша,  Шакрат Шалбаев  – Баянаулада бүтін бір буынды тәрбиелеп, журналистика мектебінің өркен жаюына еңбек сіңірген журналист. 

- «Баянтау» газеті 95 жылға жуық өңірдің өркен жайған өрелі істерінің ортақ шежіресін таңбалап келеді. Әр сала тыныс-тіршілігінің тамырын басып таныстыруда табанын тайдырмай, үкілі үмітпен үлес қосып келе жатқан басылымда талай қаламгерлер еңбек етті. Солардың бірі – Шакрат Дәулетжанұлы. Ол «Баянтау» газетінде 55 жыл еңбек еткен, - дейді атамыш газетінің басшысы Айдана Айтуған.

Мемориалдық тақтаны «Баянтау» газетінің ұжымы Республика күні қарсаңында ашуды жөн көрген. 

Айта кетелік, КСРО және Қазақстан Республикасы Журналистер одағының мүшесі, Қазақстанның Құрметті журналисі және Баянауыл ауданының Құрметті азаматы Шакрат Шалбаев еңбек жолын аудандық газетте корректорлықтан бастап, бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы, бас редакторлыққа дейін көтерілді.