Дарындарды іздеген: Павлодарда баянауылдық педагог-ғалымды еске алды

Дарындарды іздеген: Павлодарда баянауылдық педагог-ғалымды еске алды
Фото: автор

Төлеутай Ақшолақов 50-ші жылдары Павлодар облысы білім беру бөлімін басқарды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінде педагог-ғалым, педагогика ғылымдарының докторы, профессор, Ұлы Отан соғысының ардагері Төлеутай Ақшолақовтың 110 жылдығына орай кеш өтті. Сондай-ақ, ол –республикалық «Қазақ тілі мен әдебиеті» журналының тұңғыш редакторы, «Қазақ әдебиеті» оқулығының алғашқы авторы, педагогика ғылымдарының докторы. 

Төлеутай Ақшолақов – Ыбырай Алтынсарин, Ахмет Жұбанов, Шәкәрім Кәрібаев және басқа да қазақ ағартушылары ісінің жалғастырушысы. Қазақ жастарына білім және тәрбие беруге айтарлықтай үлес қосып, журналистика саласында да қалам сілтеп, баспасөздің дамуына ықпал етті. Оның 200-ден аса ғылыми жұмыстары бар. 

Музейде павлодарлықтардың назарына ғалымның жеке заттары мен ғылыми еңбектері көрмеге қойылды. Әдеби кешке Алматыдан профессордың ұлы Мейрам Ақшолақов құрметті қонақ ретінде шақырылды. Ол әкесімен өткізген шақтарын еске түсіріп, оның қандай адам болғанын баяндап берді. 

– Әкем 1915 жылы Баянауыл ауданының Қызылтау ауылында туып, 2010 жылы Алматыда жақындарының ортасында жан тапсырды. Үлкен атамыз – Ақшолақ кезінде би болған,– деді Мейрам Ақшолақов. – Менің ойымша, бұрындары бүкіл ел халқы сияқты көптеген қайғылы оқиғалар, қиын-қыстау кезеңдерді басынан кешірсе де, оның өмірі бақытқа толы еді.  


Төлеутай Ақшолақовтың өміріне оның әкесі 1931 жылы колхоз қызметін бұрмалағаны үшін 15 жылға сотталғаны қатты әсер етті.

– Ол өзінің қабілеттері мен еңбекқорлығының арқасында өте жақсы мансапқа жете алды. Алайда бұл мансаптық жолда әкесінің айыпталуы біраз кедергі келтірді. Ол бірнеше рет тұрғылықты жерін, жұмыс орнын ауыстыруға мәжбүр болды,– деп атап өтті Мейрам Ақшолақов.

Педагог-ғалымның ұлы әкесі көптеген танымал адам, ақындармен дос болып, Қоянды, Қарқаралы жәрмеңкелерінде араласып жүргенін есіне алады. 

– Жас кезінде Майраны, Қажымұқанды көрген. Алғашқы мақалаларын Майра Шамсутдинова туралы жазған. Әкемнің ең жақын адамы әрине, Мұзафар Әлімбаев болды. Қалижан мен Қайыржан Бекхожиндармен жақын дос еді,–  Мейрам Ақшолақов.


Оның сөзінше, Төлеутай Ақшолақов өте позитивті, ашық, адамдармен тез тіл табыса алу қабілетін ие болып, әңгімелесуді ұнататын. 

– Ол жастармен сөйлескенді жақсы көрді. Әкем жастар елдің болашағы болатынын түсінген. Қабілетті, талантты адамдар пайда болған кезде қуанатын. Өзі де қабілетті балаларды іздеді. Сондай-ақ, мектепті бітіргеннен кейін түлектерге әрқашан көмектесті. Оқушыларды Томск, Омбы, Мәскеуге оқытуға жіберу үшін ақша берген,– деді ұлы.

Шара соңында Мейрам Төлеутайұлы әкесінің марапаттарының Мәскеуде жасатқан көшірмелерін, орден, медальдарын, фотосуреттерін, қолжазбаларына, кандидаттық, докторлық диссертацияларының түпнұсқаларын музей қорына тапсырды.