Павлодар ауданында жаңа дәрігерлік амбулатория ашылды
Сегіз айға созылған құрылыс аяқталып, медициналық нысан қолданысқа берілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Павлодар ауданының Набережное ауылында дәрігерлік амбулаторияның салтанатты ашылуы өтті. Оған аудан әкімі, ауыл тұрғындары мен депутаттар қатысты.
Медициналық нысан «Дені сау ұлт» әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау» ұлттық жобасы, «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» жобасы және «Amanat» партиясының жол картасы шеңберінде салынды. Жоспарлы қуаты бір ауысымда 50 адамды қабылдауға мүмкіндік береді.
– Құрылыс жобасында дәрігерге дейінгі және дәрігерлік қабылдау кабинеттері, әлеуметтік қызметкер кабинеті, жедел жәрдем кабинеті, екпе салу, процедуралық, физиотерапиялық кабинеттер, күндізгі стационар, изолятор және басқа да қажетті үй-жайлар қарастырылған, – деді аудан әкімдігінде.
Амбулаторияда бір жалпы тәжірибе дәрігері, сегіз орта медициналық қызметкер мен бір әлеуметтік қызметкер жұмыс істейді. Жаңа амбулаторияда көрші Жаңақала ауылының тұрғындары да медициналық көмек ала алады.
– Осындай қолайлы жағдайды жасап, бізге жаңа ғимаратты салып бергендеріңіз үшін алғысымызды білдіреміз. Енді науқастарды әдемі, ыңғайлы амбулаторияда қабылдайтын боламыз, – деп ризашылығын білдірді процедуралық медбике Мария Маслецова.
Айта кетейік, Набережное ауылында халық саны екі мыңға жуық.