Павлодар облысында балалардың 96 пайызы қосымша үйірмелерге барады

Павлодар облысында балалардың 96 пайызы қосымша үйірмелерге барады
Фото: Константин Шелков

Олардың жеке қажеттіліктеріне сәйкес арнайы әлеуметтік қызмет көрсету стандарттары іске асырылуда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар облысы әкімінің идеология мәселелері жөніндегі орынбасары Айгүл Мәлікова балалар құқықтары мен мүдделерін қорғау – мемлекеттік саясаттың басты бағыты екенін атап өтті.

Өңірде балалардың шығармашылық әлеуетін дамыту мен сапалы оқу-тәрбие үдерісін ұйымдастыру үшін қолайлы жағдайлар жасауға бағытталған бірқатар шаралар жүзеге асырылуда.

– Мемлекет пен қоғамның бірлескен күш-жігері арқасында айтарлықтай оң динамикаға қол жеткізілді. Өңірде апатты жағдайда тұрған мектептер жоқ. Шағын мектеп жасындағы балалардың 100 пайызы орта білім алу құқығымен қамтамасыз етілген. Сонымен қатар, шалғай ауылдардан екі мыңнан астам оқушыға тегін көлік қызметі көрсетіледі. 2024 жылы Железин, Баянауыл және Павлодар аудандарында үш жаңа мектеп ашылып, Павлодар қаласында Шөкин атындағы гимназияның жаңа ғимараты пайдалануға берілді, – деді Айгүл Мәлікова. 

Ол сондай-ақ, әлеуметтік қолдау мәселесіне басымдық берілуде екенін алға тартты. Әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған отбасы балаларына балабақшаларда тегін тамақтандыру ұйымдастырылған, олардың саны сегіз мыңнан асады.

Жалпы, өңірдегі оқушылардың 46 пайызы тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етілген. Соның ішінде соңғы бес жыл бойы бастауыш сынып оқушылары тегін ыстық тамақпен қамтылуда.

Бұдан бөлек, қалалық қоғамдық көліктерде 90 мың оқушыға тегін жолақы беріледі. Сонымен қатар мектеп автобустары паркін жаңарту жұмыстары тұрақты түрде жүргізілуде.

Сондай-ақ, балаларға қосымша білім беру саласындағы қолжетімділікті арттыру мақсатында бірқатар шаралар қолға алынған. 2024 жылы бұл бағыттағы мүмкіндік екі бірлікке артып, нәтижесінде бүгінгі балалардың 96 пайызы мектептің қосымша үйірмелері мен білім беру ұйымдарында білім алып, дамуда.

– Арнайы білім беру қажеттіліктері бар балалардың құқықтары ерекше назарға алынуда. Олардың жеке қажеттіліктеріне сәйкес арнайы әлеуметтік қызмет көрсету стандарттары іске асырылуда.

Жаңа жыл қарсаңында өңірде жүйке жүйесі мен тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларға арналған екі оңалту орталығы ашылды. Орталықтарда галоионотерапия, механотерапия мен бальнеотерапия кабинеттері жұмыс істейді, – деді облыс әкімінің орынбасары. 

Бұдан бөлек, жетім балаларды қорғау мақсатында баланы отбасында тәрбиелеудің баламалы нысандары енгізілген. Сондай-ақ қамқоршылар, қорғаншылар, қабылдаушы отбасылар мен асырап алушылар үшін материалдық ынталандыру қарастырылған. Бүгінде мыңнан астам жетім бала азаматтардың отбасыларында тәрбиеленуде.