Қай павлодарлықтардың мобильдік аударымдары бақылауға алынады
Бұл туралы Мемлекеттік кірістер департаменті түсіндіріп берді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Ведомстваның мәліметінше, мобильдік аударымдарды бақылау заңсыз кәсіпкерлік қызметті көлеңкеден шығаруға бағытталған және адал салық төлеушілерге әсер етпейді.
– Қазір кейбір кәсіпкерлер банктерде ашылған жеке шоттарына мобильді аударымдар арқылы сатылған тауарлар, қызметтер үшін ақы алады. Алайда, бұл аударымдар БКМ және POS-терминалдарды қолданбай және тиісінше чектер бермей жүргізіледі. Бұл әкімшілік жауапкершілік қарастырылған бұзушылық болып табылады. Сонымен қатар, егер сапасыз тауар сатып алынса, онда тұтынушылардың құқықтары бұзылады, – деді МКД түсіндіру жұмысы және байланыс орталығы басқармасы.
2022 жылы «Төлемдер және төлем жүйелері туралы» ҚР Заңына «мобильдік төлемдер» ұғымы енгізілді. Бұл – дара кәсіпкердің пайдасына тауарды сатып алғаны, жұмыстарды орындағаны, қызметтерді көрсеткені үшін ақы төлеуге электрондық нысанда бастамашылық жасалған, мобильдік қосымша немесе штрих кодты пайдалана отырып, төлемдер қабылдауға арналған өзге де жабдық (құрылғы) арқылы алынатын қолма-қол ақшасыз төлемдер.
«Мобильдік төлемдер» мен «мобильдік аударымдар» ұғымдарын айыру қажет.
– Қаржы министрінің бұйрығымен кәсіпкерлік мақсаттар үшін мобильдік аударымдардың белгілері анықталды. Өлшемшарты бір жеке тұлғаның қатарынан күнтізбелік үш айдың әрқайсысының ішінде жүз және одан да көп әртүрлі тұлғалардан кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға арналмаған банк шотына ақша қаражатын алуы болып табылады. Салық кодексінің талаптарына сәйкес жалпыға бірдей декларациялау жүйесіне кірген азаматтардың ғана мобильдік аударымдары салықтық бақылауға алынады, – деді ведомствода.
Мамандардың айтуынша, осы жылдан бастап банктерден 2024 жылдың қорытындысы бойынша жеке кәсіпкерлер, заңды тұлғалардың басшылары және олардың жұбайлары бойынша ақпарат ұсынылады. Қазіргі уақытта келесідей өлшемшартты белгілеу ұсынылуда: «Бір жеке тұлғаның қатарынан күнтізбелік үш айдың әрқайсысының ішінде жүз және одан да көп әртүрлі тұлғалардан банк шотына жалпы сомасы 3 ең төмеңгі жалақыдан асатын ақша қаражатын алу». 2024 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша – 255 мың теңге.