Мұқияттың ісі: ERG Service-гі павлодарлық дәнекерлеу жөніндегі сарапшының тарихы

Өз ісінің шебері Алпамыс Жакупов @Pavlodarnews.kz тілшісіне берген сұхбатында өзінің жұмысында хирургиялық дәлдік аса маңызды екенін айтты.
ERG Service құрамындағы Павлодар машина жасау зауытының конструкторлық-технологиялық бөлімінің дәнекерлеу жөніндегі сарапшысы Алпамыс Жакупов зауытқа 2008 жылы, 25 жасында келген. Бұған дейін ол жеке кәсіпорында дәнекерлеуші болып жұмыс істеген. Алғашында мамандық таңдау оған оңай болмаған.
– Мен энергетика саласы бойынша білім алдым, бірақ оқуға түскен кезде болашақта қандай еңбек жолын таңдайтынымды аса жақсы түсіне бермедім. Студент кезімде қосымша жұмыс істеуге бел будым. Сол уақытта ең сұранысқа ие мамандық – дәнекерлеуші болды. Кейін бұл жұмыс мені біржола баурап алды, – деп еске алады Алпамыс Жақупов.
Алғашқы тоғыз жылда ол машина жасау зауытында дәнекерлеуші болып жұмыс істеді. 2017 жылдан бастап оның мансабы дами бастады: алдымен инженер-технолог, кейін дәнекерлеу жөніндегі сарапшы атанды. Қазіргі таңда ол ірі құрылыс-монтаж жобасындағы дәнекерлеу жұмыстарын басқарады.
Егер дәнекерлеуші қолымен жұмыс істесе, сарапшы – технологиялық процестерді әзірлеу мен бақылауға жауапты. Алпамыс Жакупов дәнекерлеу әдістерін, қолданылатын жабдықтар мен материалдарды анықтап, орындалған жұмыстың сапасын қадағалайды. Зауытта қолмен доғалы дәнекерлеуден бастап роботтандырылған технологияларға дейін кең спектр қолданылады.
– Бұл – өте күрделі процесс, – деп түсіндіреді ол. – Қазір бәрі қарқынды дамып жатыр. Сондықтан заман ырғағына ілесудің бірден-бір жолы – үнемі өз-өзіңді жетілдіру.
Дәнекерлеу өндірісінің әрбір маманы өз біліктілігін растап отыруы қажет. Дәнекерлеушілер екі жыл сайын қайта аттестациядан өтеді, ал жоғары деңгейдегі мамандар – үш жыл сайын. Аттестация дәнекерлеу полигонында өтеді: мамандар үлгілерді дәнекерлеп, алдымен визуалды бақылаудан, кейін ультрадыбыстық және механикалық сынақтар сияқты күрделі өлшемдерден өтеді.
– Мен үшінші деңгейлі аттестациядан өттім, – дейді ERG Service сарапшысы. – Зауыт бізді тұрақты түрде оқуға жібереді, бірақ өз бетіммен де үнемі білімімді жетілдіріп отырамын, жаңа нәрселерді үйренуге тырысамын.
Алпамыс Жакуповтың айтуынша, дәнекерлеу ісі бүгінгі күні де сұранысқа ие.
– Бұл – ең жоғары жалақы төленетін жұмысшы мамандықтарының бірі. Сондықтан жастар бұл салаға әлі де келіп жатыр. Мұнда өсу де, даму да бар, – дейді ол.
Оның айтуынша, дәнекерлеуші зейінді, сабырлы, тиянақты және қолы мықты болуы тиіс.
– Дәнекерлеу ісін хирургтың жұмысымен салыстыруға болады, – деп күлімдейді ол. – Қолы дірілдеген жерде сапа болмайды.
Машина жасаушылар күні қарсаңында дәнекерлеу жөніндегі сарапшы Алпамыс Жакупов әріптестеріне қарапайым, бірақ маңызды тілектерін жеткізді: денсаулық, молшылық пен отбасылық амандық.
Жарнамалық материал