Павлодар облысында аязда адасқан жылқышы табылды

Павлодар облысында аязда адасқан жылқышы табылды
Фото: Павлодар облыстық ПД

Андрей жұмыс істеген шаруа қожалығының басшысы дабыл соғып, полицияға жүгінді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 12 желтоқсан күні кешке Ертіс ауданы Төбелес ауылынан 47 жастағы жылқышы жайылымға мал жинауға кетіп, келесі күні таңертең үйіне қайта оралмаған. Ұялы телефоны өшірілуі болған.

Іздеуге дереу учаскелік полиция инспекторларының көмекшілері Қанатбек Кәрібаев пен Меркеш Қайраткеров қосылып, жақын ауылдардың полиция қызметкерлеріне бағдар берілді.

Тәртіп сақшылары жылқышы болуы мүмкін аумақтарды тексерген. Қақаған 40 градус аязда қырда іздеу жүргізу қиын болғанына қарамастан, бес сағаттан кейін жылқышыны жылқымен бірге тапты. Ол аяздың салдарынан бағдардан адасып,  ауылға жете алмағанын айтқан. 

– Әсіресе, далада қай бағытқа барарыңды білмесең, іздеу қиын, бірақ әріптесім екеуміз бағдар бойынша жүрдік, өйткені өзіміз ауылдық жерлерде өстік. Бірнеше сағаттан кейін Шұбарат және Майқоңыр ауылдары арасында жоғалған жылқышыны таптық, – дейді Қанатбек Кәрібаев. 

Жылқышы әлсіреген, ұзақ уақыт далада жүріп, қатты тоңған. Тәртіп сақшылары оған  алғашқы көмек көрсетіп, көлікті жылытып, ыстық шай беріп, үйіне  жеткізіп салған. 

– Біз үшін ең бастысы, Андрейді тірі табу болды, – дейді полиция инспекторының көмекшісі.

Андреевтер отбасы Ертіс аудандық полиция бөлімінің қызметкерлеріне зор алғыс білдіріп, Алғыс хат жазды.