Павлодар облысында шыбын-шіркейге қарсы әуеден өңдеу бағыттары бақыланады

Ғылыми топ әуе борттарының орналасқан жерін және қанша препарат шашылғанын арнайы құралдар арқылы бақылап отырады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Облыс әкімі Асайын Байханов қансорғыш жәндіктерге қарсы күрес науқанына арналған авиациялық дайындық барысын тексерді.
Мердігер ұйым өкілі Бауыржан Жанақовтың айтуынша, қазіргі уақытта 10 ұшақ толық дайын. Екі апта бұрын зиянкестерге қарсы жаңа польшалық препараттың алғашқы ерітіндісі дайындалған.
Ұшақтар Атамекен ауылы маңында орналасқан және осы жерден өңделетін аумақтарға бағытталып отырады. Бір АН-2 ұшағы бір рейсте шамамен 400 мың гектарды өңдеу құралдарымен қамти алады. Бұл өткен жылғы 120 мың гектарлық көрсеткіштен әлдеқайда жоғары.
– Биыл әр ұшаққа GPS-навигациясы және Павлодар өңірінің цифрланған картасы орнатылады. Бұл шынайы уақыт режимінде қай аумақтың қалай өңделіп жатқанын бақылауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, барлық ұшу маршруттары тіркеледі. Бұл бұрынғыдай «ұшақты препаратпен толтырып, әрі қарай процесстің қалай жүріп жатқанын білмейміз» деген жүйе емес, – деп түсіндірді Бауыржан Жанақов.
Аймақ басшысы масаға қарсы күрес бойынша енгізілген жаңашылдықтар өткен жылғы кемшіліктерді ескере отырып енгізілгенін атап өтті.
– Табиғатты қорғау мақсатындағы су босату есебінен Ертіс жайылымына қосымша 500 миллион текше метр су келіп түседі. Бұған дейін біз аумаққа 5,7 миллиард текше метр су таратылады деп жоспарлаған едік. Бұрын жайылымның 80%-ы суға толады деп есептелсе, енді көрсеткіш 90%-ға жетеді. Бұл дезинсекциялық жұмыстарды орындау кезінде ескерілуі тиіс. Су деңгейі мамыр айының басында төмендей бастайды, сол кезде өзен өз арнасына оралады. Негізгі жұмыстар осы кезеңде басталады, – деп атап өтті Асайын Байханов.
Ғалымдардың айтуынша, судың көтерілуі кезінде жәндіктердің көптеп таралуы өзеннің арнасында ғана емес, жайылымда да байқалады. Себебі, олардың көбеюіне қолайлы жағдайлар бар: органикалық заттар мен азық жеткілікті. Ұшақтар санының артуы осы құбылысты ескеруге және қансорғыш жәндіктердің популяциясына қарсы жедел әрекет етуге көмектеседі.
Павлодар облыстық жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасының басшысы Сағын Төлеутаевтің мәліметінше, биыл Ертіс өзенінің жайылымдық аумақтарында шыбын-шіркей дернәсілдеріне қарсы өңдеу жұмыстары 1 800 шақырымға дейінгі аумақты қамтиды.
– Ауадан өңдеулер Ертістің жоғарғы және орта ағыстарында қатар жүргізіледі, бұл жұмыстың тиімділігін арттырады. Осылайша, 60 елді мекеннің аумағын қамтимыз. Өткен жылы екі аэрозоль генераторы қолданылса, биыл олардың саны екі есеге артады. Техника бір рейсте ерітіндіні 1 500 метрге дейінгі қашықтыққа шашырата алады. Егер өткен жылы өңделуге тиіс аумақ 127 мың гектар болса, биыл бұл көрсеткіш қосымша 45 мың гектарға ұлғайтылды. Осыған сәйкес, биологиялық препарат көлемі 182 мың килограмға артты, – дейді Сағын Төлеутаев.
Авиациялық өңдеу жұмыстарының нақты басталу күнін ғылыми топ өкілдері нақтылайды. Олар үш апта бұрын фенологиялық зерттеулер жүргізіп келеді. Алдын ала мәліметтер бойынша, жұмыстар мамыр айының ортасында басталады.